Астанадағы сауда орталықтарында ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес акциясы өтті

Астанадағы сауда орталықтарында ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес акциясы өтті

Астанада 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай бір айлық ақпараттық науқан өтуде. Осы жұмыс аясында елорданың ірі сауда орталықтарында қалалық АИТВ-инфекциясы орталығының мамандары «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан өзгеріске дейін» атты акция өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Акция «Сауран», «Аружан», «Еуразия» және «Астаналық» сауда орталықтарында ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында орталық мамандары АИТВ-инфекциясының берілу жолдары мен алдын алу шаралары, тестілеудің маңыздылығы және өз АИТВ-статусын білу қажеттігі туралы ақпарат берді. Сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқықтарын сақтау, кемсітушілікке жол бермеу мәселелері қозғалды. Мамандардың айтуынша, бұл шара халықтың назарын АИТВ-ның таралуы мәселесіне аударып, жастарды қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыруға ынталандыруға тағы бір мүмкіндік болды.

Акция аясында сауда орталықтарының келушілері мен қызметкерлері үшін АИТВ-ге қарсы экспресс-тестілеу ұйымдастырылды.

Сонымен бірге қорғау тәсілдері, тұрақты тексерілудің маңызы және АИТВ туралы кең таралған жалған ақпараттарды жоққа шығару жөнінде ақпараттық-түсіндіру әңгімесі жүргізілді.

Айта кетейік, маусымдық аурушаңдықтың көтерілуіне байланысты мамандар ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу бойынша да ұсынымдар беріп, медициналық маскалар таратты.