Қазақстанда биыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланған. Бұл халық арасында осы мамандықтарды дамытып, танымал етуге серпін береді. Ал күн сайын қала тұрғындары үшін байқала бермейтін, бірақ аса маңызды еңбек етіп жүрген жандар – дәл осы жұмысшы мамандық иелері, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Астанада кәсіби дәстүрге айналған еңбек әулеттері бар. Солардың бірі – Татьяна Оразбаева отбасы, ол алты жылдан бері «Астана Тазалық» ЖШС-де еңбек етіп келеді.
Татьяна жас кезінен еңбекқор болған. 90-жылдарды еске алып, күн көріс қиын болғанын айтты. Сүт, қаймақ сатып, кез келген жұмыс істеген. Кейін «Астана Тазалық» ЖШС-ге қызметке орналасқан.
Татьяна мен оның күйеуінің төрт баласы бар – екі ұл, екі қыз. Қазіргі таңда компанияда анасымен бірге ұлдары Павел мен Азамат та жұмыс істейді, дәл солардың келуімен олар жұмысшылар отбасына айналды.
Компанияға отбасының алғашқы мүшесі ретінде Азамат жұмысқа орналасқан, ал бірнеше күннен кейін Татьяна Владимирқызы да қосылды.
Оған дейін біраз жұмыс орнын ауыстырған. Алайда тұрақтылық, жылы қарым-қатынас пен сыйластық орнайтын жұмыс іздеген. Мұнда келер алдын ұзақ ойланған екен. Себебі, жұмыс ерте басталады, қарқыны ауыр, жауабы үлкен.
Кейіннен үлкен ұлы Павел қосылды. Оның жауапкершілігі мен тәртібі бағаланып, аз уақыт ішінде бригада басшысы дәрежесіне көтерілген, жетекшілері оның басқару қабілеті барын байқаған. Осылайша Оразбаевтар отбасында біртұтас еңбек ритмі қалыптасып, қаланың таазалығына әрқайсысы өз үлесін қосып келеді.
Татьяна жұмыс уақыты ерте басталатын графикпен еңбек етеді, ол кезде қала тұрғындарының көбісі әлі ұйқыда жатады. Сағат төртте тұрып, уақытында жұмыс алаңына жетуге тырысады. Ал сағат алтыда барлық бригада өз орындарында тазалық жұмысын бастайды. Сондықтан базада алдын ала құрал-жабдықтар мен сол күннің тапсырмалары беріледі.
«Жұмыс тәулік бойы: әртүрлі ауысымдар бар, оның ішінде түнгі кезектер де жоқ емес. Бір бригада аяқтаған соң, екіншісі бастайды, қала ешқашан тазаланбай қалмайды. Бізде гендерлік бөлінім жоқ: әйел немесе еркек екенің маңызды емес. Шаңсорғышпен жұмыс істеу керек пе – істейміз, сыпыру керек пе – сыпырамыз. Бірақ коллективтегі ер адамдар үнемі қамқорлығын көрсетеді, түсіністікпен қарайды. Бізбен бірге еңбек ететін шеберіміз керемет кісі, әрдайым қолдау көрсетеді. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын сәттердің бірі – таза аялдамалардан өтіп, ондағы адамдар «рахмет» деп айтқанда немесе шай, кофе, шоколад ұсынғанда. Әрине, кейде наразы адамдар да кездеседі, «неге уақытында тазаланбайды?» деп сұрайды. Өкінішке қарай, жұрт біз сияқты жұмысшылар аз екенін түсінбейді», – дейді ол.
Татьяна Астананың түнгі уақыттағы келбеті айтарлықтай басқа екенін жеткізді. Айтуынша, түнде жастар серуендеп, артынан көп қоқыс қалдырады, көшелер лас болып жатады. Ал сағат алтыда жұмыс басталғаннан кейін бригадалар тазалық орнатып, нәтижесінде қала басқа күйге енеді.
«Ең қиыны – күз бен қыс: ауа райының күрт құбылуы, қар, лай. Жазда ыңғайлырақ, бірақ 30-35 градус ыстық та оңай емес. Жазда қоқыс көбірек, адамдар су ішеді, бөтелкелерін тастап кетеді. Бірақ нәтиже көз қуантады: таза аялдамалар, бос қоқыс жәшіктері, сүртілген орындықтар», – дейді Татьяна.
Қазіргі уақытта аталмыш отбасы бір ритмде жұмыс істейді. Әркімнің өз бригадасы мен міндеттері болса да, таңертең жұмыс бөлмесінде кездеседі, кешке жаңалықтарын бөліседі.
«Біз өз жұмысымызға сенімдіміз. Қаладағы концерттерге шақырады, үлкен корпоративтік мерекелер ұйымдастырады. Бізді әрдайым еске алады және еңбегімізді бағалайды», – дейді Татьяна Владимирқызы.
Бүгінде Татьянаның отбасы – жұмысшы кәсібі арқылы өмірден өз жолдарын тапқанының дәлелі.