Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу: Астанада ерекше челледж өтті

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу: Астанада ерекше челледж өтті

Нұра ауданының Орталық паркінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Қызғылт сары үнсіздік челленджі» атты қоғамдық үнсіз акция өтті. Іс-шара Нұра аудандық полиция бөлімінің бастамасымен, қауіпсіздік қызметі мамандарының, еріктілердің және қоғамдық көмекшілердің қатысуымен өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Акцияның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық жеке мәселе емес, адамдардың тағдырын ойрандайтын қауіп екенін қоғамға еске салу. «Үнсіз тұру» форматы да бекер таңдалмаған – бұл отбасында зорлық-зомбылық болып жатқан үйлерде естілмейтін үнсіз жанайқайдың символы.

Қатысушылар паркке БҰҰ-ның зорлық-зомбылыққа қарсы кампаниясының түсі саналатын, үміт пен ынтымақтастықты білдіретін қызғылт-сары элементтері бар киіммен шықты. Акция жәбірленушілерді еске алу әрі тұрмыстық зорлыққа қатысты үндемеуге болмайтынын, уақытында көмекке жүгіну қажеттігін жеткізетін үндеу болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – жасырын зорлық мәселесі туралы ойлануға, жапа шеккендерге қолдау білдіруге және үнсіздік қалыпты жағдай болмауы тиіс екенін еске салуға мүмкіндік беретін қауіпсіз орта қалыптастыру.

#заңжәнетәртіп #законипорядок