
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде елорда полициясының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған «Астана – есірткісіз қала» атты кең көлемді профилактикалық акция өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға студенттер, танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері және психикалық денсаулық саласының мамандары қатысты. Олардың қатарында әлем чемпиондары, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Ангелина Лукас, Илья Ильин, Василий Тахтай, Нұрсұлтан Алиакбаров және Әлібек Ермағамбетов болды.
Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин студенттермен кездесуде реабилитациялық орталықтардың жұмысы мен мамандардың еңбегінің маңызын атап өтті.
Ол сондай-ақ есірткіге тәуелді болып, бірақ өз өмірін қайта қалпына келтіре алған қарапайым жастардың өмірін мысалға келтірді. Оның айтуынша, мінездің беріктігі мен жақындарының қолдауы есірткіні жеңуде шешуші рөл атқарады.
Спортшы жастарды «өмірді дұрыс құндылықтармен – білім, спорт, отбасы арқылы толықтырып, ата-ананы құрметтеуге» шақырды. Ол еліміздің болашағы жастардың бүгінгі таңдауларына байланысты екенін еске салды.
«Өзіңізге биік мақсат қойыңыз, формаңызды сақтаңыз, өз ісіңізбен айналысыңыз.
Қазақстанға мықты, дені сау, өзіне сенімді жастар керек», — деді Ильин.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Василий Тахтай студенттермен балалық шағындағы оқиғалар туралы айтты. Ол көрген зорлық-зомбылық пен қылмыстық ортаға куә болуы өзіне жеке жауапкершілік туралы алғаш рет ой салғанын айтты. Оның сөзінше, спортқа келуі тәртіпке, сенімге, өмірлік бағытқа жетелеген қадам болған.
«Жаттығулар – менің өсуіме үлкен себеп болды. Әрқайсыңыз алға ұмтылатын жолды таңдай аласыз», – деді Тахтай.
Студенттер тақырыптық бейнероликтер көріп, нарколог-дәрігердің дәрісін тыңдады, мамандармен бірге алдын алу мәселелерін талқылады.
Кинологиялық қызмет орталығы мен полицияның арнайы бөлімшелері қызметтік иттердің жұмысын, қару-жарақ пен тактикалық элементтерді көрсетті. Бұл көріністер студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Жыл басынан бері елордалық полиция есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл аясында мектеп оқушылары, студенттер, спортшылар, еріктілер және жастар ұйымдарымен 600-ден аса кездесу өткізді. «Астана жастары» орталығымен бірлескен акциялар барысында 2,5 мыңнан астам наркограффити боялып, тыйым салынған контент таратқан сайттар бұғатталды.
#законипорядок #заңжәнетәртіп