
Астанада қала әкімдігі және Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен түркі халықтарының мәденирухани мұрасын кеңінен дәріптеуге арналған «Әлем әуені» халықаралық өнер фестивалі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Фестивальге мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, магистранттар мен докторанттар, жетекші мамандар, зерттеушілер және өнер шеберлері қатысты.
Сырттан келген қонақтардың арасында Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Мажарстан (Венгрия) мемлекеттерінің де өкілдері және Түркі мемлекеттерінен 60-тан астам өнерпаз, зерттеуші, музыкатанушы және дәстүрлі аспап жасаушы шеберлері бар. Сонымен қатар шараның салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов және Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.
«Бұл фестиваль – түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын қайта жаңғыртып, оны кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды алаң. Бүгінгі шара – бауырлас елдердің өнерпаздарын біріктіріп, мәдени байланыстарды тереңдететін жарқын қадам. Осы фестиваль арқылы түркі өркениетінің ежелгі дәстүрлері мен заманауи бағыттары тоғысып, біздің рухани сабақтастығымызды одан әрі нығайтады», — дедi Есет Байкен.
Фестиваль барысында ең әуелі «Тамыр мен үн: Түркі аспап жасау дәстүрі және заманауи шешімдер» атты халықаралық симпозиумның пленарлық отырысы өтті. Онда ұлттық музыкалық аспаптардың тарихи қалыптасуы, өңірлік ерекшеліктері және дәстүрлі технологиялардың қазіргі кезеңдегі қолданылуы талқыланды. Сондай-ақ, жетекші ғалымдар мен шеберлердің баяндамалары тыңдалып, түркітілдес халықтардың ұлттық музыкалық аспаптары жөніндегі жаңа ғылыми еңбектің таныстырылымы өтті.
Фестивальдің ғылыми бөлімі кәсіби пікір алмасу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту алаңы ретінде ұсынылды.
Ал түркі халықтарының бай музыкалық мұрасын сақтау және заманауи форматта танытуға бағытталған іс-шараның бағдарламасына сәйкес Өнер музейінде музыкалық аспап жасауға арналған тәжірибелік сабақтар өтілді.
Онда дәстүрлі музыкалық аспап жасау технологиялары таныстырылады.
Сондай-ақ, әлемнің жетекші шеберлері әзірлеген бірегей музыкалық аспаптар музей қорына ресми түрде табысталады. Музейге сыйға тартылған аспаптар қатарында қырғыз қылқияғы, түрік кеманчасы, өзбек дутары, мажар фурульясы бар. Бұл аспаптар – әр ұлттың дәстүрлі музыкадағы өзіндік үнін, қолөнер ерекшеліктерін және ғасырлық тәжірибесін көрсететін құнды мәдени жәдігерлер болып саналады.
Фестивал «Жастар» сарайында гала-концертпен қорытындыланады. Гала-концертке Түркия, Қырғызстан, Мажарстан және басқа елдердің танымал орындаушылары, ансамбльдері қатысты. Бағдарлама түркі халықтарының ортақ музыкалық мұрасын қазіргі сахналық форматта қайта танытып, этно-заманауи бағыттағы жаңа туындыларды ұсынды.