
Астана прокуратурасы қалалық әкімдікпен бірлесіп, «Қамқорлық пен Заң» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған ашық есік күнін ұйымдастырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік қолдау тетіктерін түсіндіру және мемлекеттік органдармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беру.
Ашық есік күніне қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, тұрғын үй инспекциясының, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің, полицияның, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері, сондай-ақ төрт жұмыс беруші кәсіпорынның қызметкерлері қатысты. Бұл – мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға құқықтық мәселелерін ғана емес, жұмыспен қамтуға қатысты сұрақтарын да шешуге көмектесу мақсатында жасалған.
«Бұл жобаны қалалық прокуратура жүзеге асырып отыр. Біз алдын ала хабарлап, 100-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматты қабылдауды жоспарладық. Жоба әрі қарай да жалғасады», – деді Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Арайлым Оразова.
Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Болат Жұмаділдің айтуынша, елордада шамамен 38 мың мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады.
«Оларға заңға сәйкес жағдайына қарай көмек көрсетіледі. Мүмкіндігі болса, дәрігер рұқсат еткен кез келген жұмысты атқарып, табыс таба алады. Бізге мүгедектер арбасын, жөргек, таяқ және басқа да қажетті құралдарды алып беру жөнінде жиі өтініштер түседі. Жергілікті бюджеттен мүгедектік тобына сәйкес жылына бір рет әлеуметтік көмек қарастырылған: 1-топтағы азаматтарға – 20 АЕК, 2-топқа – 10 АЕК, 3-топқа – 5 АЕК мөлшерінде», – деді Б.Жұмаділ.
Акция барысында Астанадағы мүмкіндігі шектеулі тұрғындар мамандарға толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Қатысушыларға әлеуметтік қорғау, медицина, білім беру және жұмыспен қамту мәселелері бойынша тегін кеңестер берілді. Құқықтық тақырыптағы жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, жұмыспен қамту, оңалту, емдеу және басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, бұл – жай ғана формалды шара емес, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты қадам және қоғамдағы әрбір адамның өмір сапасын жақсартуға арналған шынайы қамқорлықтың көрінісі.