«Esirtkisiz Elorda»: Астанада студенттерге кинологиялық қызметтің қыр-сыры үйретілді

«Esirtkisiz Elorda»: Астанада студенттерге кинологиялық қызметтің қыр-сыры үйретілді
«Esirtkisiz Elorda» жобасы мен «Заң және тәртіп» акциясы аясында елордалық колледж студенттері үшін Астана қаласы ІІД-нің кинологиялық қызмет орталығында экскурсия өтті.
 
Қала әкімдігінің «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы мұрындық болған экскурсия барысында қатысушылар кинологтардың жұмысымен танысып, қызметтік иттерді даярлау әдістері туралы мәлімет алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Экскурсияға Астана қаласы әкімдігінің Жоғары көлік және коммуникация колледжінің 40 студенті қатысты. Кинолог полицейлер оларға иттердің жұмысы бойынша көрсетілім ұйымдастырып, соның ішінде тыйым салынған заттарды іздеу мен арнайы командаларды орындау элементтерін тамашалауға мүмкіндік берді.

«Біз қылмыспен иттердің көмегі арқылы күресеміз. Оның ішінде орталығымызда есірткі іздейтін иттер дайындалады.
 
Қызметтік иттер сонымен қатар жарылғыш заттарды, ұрлық, адам өлтіру, тонау болған жерден адамдарды иісі арқылы іздейді. Одорология деген бағыт бар, яғни өмірде әр адамның ешқашан қайталанбайтын өзіндік иісі болады, соны тек иттер ғана ажырата алады. Оған қоса шабуылшы, мекеме күзететін иттерді де тәрбиелейміз. Біздің орталықта сондай 40-тан астам ит бар. Иттердің 4 түрі осы жұмысты атқаруға бейім келеді: неміс және бельгиялық овчарка, қазақы төбет және ротвейлер иттер түрлі қылмыс ашуға көмегін тигізуде. Соның ішінде біз неміс және бельгиялық овчаркаларды көп қолданамыз, өйткені олардың кейде ақыл-санасы адаммен бірдей ме деп қаласың, есте сақтау қабілеті өте күшті болады», – деді аталған орталық басшысы, полиция подполковнигі Рауан Дәулетов.

Одан әрі полиция өкілі жастарға есірткінің зияны мен оны тұтыну ғана емес тасымалдаудың салдары туралы айта келе, қызметтік иттердің сондай күдіктілерді қалай анықтайтынын айтып берді.

«Иттерге есірткіні иісі арқылы анықтау жарты немесе 1 жыл ішінде үйретіледі. Алайда оларға үйрету барысында нағыз есірткінің өзі қолданылмайды, есірткінің түрлері мен олардың иісіне ұқсас басқа химиялық заттарды қолдану арқылы үйретеміз. Жалпы иттер бұл жұмысты атқарып жүргенде қылмысты ашып жүрмін деп санамайды, ойнап жүргендей қабылдайды, яғни бір тапсырманы орындағаннан кейін оларға ойнауға доп, тамақ беріледі», – деді полиция подполковнигі.
 
#законипорядок #заңжәнетәртіп