
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында Астананың кәсіби-техникалық колледжінде «Қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік және оның салдары» тақырыбында студенттерге дәріс өткізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара Нұра аудандық полиция басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Дәріс кең ауқымды профилактикалық жұмыстың бір бөлігі болды. Басты мақсат – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық деңгейін төмендету.
Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі ретінде колледжге құқық қорғау органдары қызметкерлерінен кураторлар бекітілді. Олар жыл бойы тұрақты кездесулер өткізіп, түсіндірме әңгімелер жүргізді, құқықтық сауаттылық бойынша дәрістер оқыды, нақты тәжірибеден алынған мысалдармен бөлісті.
Барлық іс-шара құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алуға және жастардың өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауына бағытталды.
Сонымен қатар кураторлар ата-аналар жиналыстарына қатысу арқылы оқу-тәрбие процесіне белсенді араласты. Олар жасөспірімдерді құқықтық тұрғыдан тәрбиелеу бойынша ұсыныстар беріп, ата-аналарға заңнаманың ерекшеліктерін түсіндірді және оларды мазалаған сұрақтарға жауап берді.
Оқудан тыс жұмыстарға да ерекше көңіл бөлінді. Жастар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің арасындағы сенімді нығайту үшін футбол, волейбол және өзге де спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Мұндай кездесулер ашық диалог орнатуға, полиция қызметінің қыр-сырын жақынырақ көруге мүмкіндік беріп, құқық қорғау қызметкерінің жағымды бейнесін қалыптастыруға ықпал етті.
«Құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмысы тек жүйелі түрде және түрлі құрылымдардың қатысуымен жүргізілген кезде нәтижесін береді. Мұндай форматтар сенім орнатуға, құқық қорғау органдарының әрдайым қолдауға және бағыт көрсетуге дайын әріптес екенін көрсетуге мүмкіндік береді», – деді колледждің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Бибігүл Хатпина.
Оның айтуынша, профилактика, құқықтық ағарту және оқудан тыс іс-әрекетті біріктіретін кешенді жұмыс студенттердің құқықтық мәдениетін, жауапкершілігін және азаматтық белсенділігін қалыптастыруға көмектеседі.
Бұл әрбір жас үшін аса маңызды.