
Елордалық «URBAN» және «Astana Profi» колледждерінің студенттері үшін Астана полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында және есірткі қылмыстарымен күрес жұмысы аясында өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Экскурсия барысында қатысушылар кинологтардың қызметімен танысты, қызметтік иттердің қалай дайындалатынын білді, тыйым салынған заттарды іздеу, бұйрықтарды орындау, қылмыстың ізін кесу сияқты қызмет элементтерінің көрсетілімін тамашалады және мамандарға сұрақтар қойды. Іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталды.
Экскурсияны полиция капитаны, кинолог-инспектор Айнаш Балғыбаева жүргізді. Ол студенттерге бөлімшеде қызметтік иттерді бөлу жүйесінің қатаң тәртіппен жүргізілетінін түсіндірді.
«Әр кинологқа бір қызметтік ит бекітіледі. Оны өзі жаттықтырады, тапсырмаларға да өзі бірге шығады, күтімін де өзі жасайды. Егер кинолог демалысқа шықса, иті де демалады, ол басқа қызметкерге берілмейді. Бұл – сенім мен жұмыс тұрақтылығы үшін маңызды талап», — деді полиция капитаны.
Оның айтуынша, кинологтар экипаждары жедел топтардың құрамында шақыртуларға барады, жаппай іс-шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, іздестіру және арнайы операцияларға қатысады.
«Бізде неміс овчаркалары бар, бұрын негізгі жұмыс тұқымы сол болатын.
Неміс овчаркасы кез келген міндетке сай келеді: жарылғыш заттарды іздеу, есірткіні анықтау, күзет, патруль. Бірақ қазір негізінен бельгиялық малинуа овчаркасымен жұмыс істейміз. Қазіргі таңда ең игерімді әрі әмбебап тұқым – осы. Ол тез үйренеді, шапшаң әрекет етеді, жұмысқа деген ынтасы жоғары», — деді кинолог.
Сонымен қатар орталықта ротвейлер, алабай, эрдельтерьер секілді өз физикалық және мінездік ерекшеліктеріне қарай белгілі бір бағытқа бейімделген басқа да тұқымдар бар.
Экскурсия кезінде студенттерге қызметкерлер мен иттерді даярлау процесі де жан-жақты түсіндірілді.
«Біз үш айға кинологиялық оқу орталығына барамыз. Сол жерде әрі кинолог, әрі ит дайындықтан өтеді. Курсты аяқтағанда адам да, жануар да емтихан тапсырады. Кейін жыл сайын қайта даярлаудан өтіп, содан кейін ғана қызметке рұқсат аламыз», – деп түсіндірді спикер.
Студенттерге қызметте қолданылатын жабдықтар көрсетілді: түрлі мойынтұмшалар (жұмыс, жаттығу, түзетуге арналған), ұзын және қысқа қарғыбаулар, қорғаныс жеңдері мен костюмдер, кинологтарға арналған арнайы сөмкелер, жаттығу үшін қолданылатын доптар мен арқаншалар.
Экскурсияның бір бөлігі жасөспірімдердің қауіпсіздігіне арналды.
«Бөгде итті ешқашан сипамаңыз. Ең жуас иттің өзі шошып кетуі мүмкін. Жүгірмеңіз, айқайламаңыз, қолды сермемеңіз. Ит жақындаса, тыныш тұрып, рюкзагыңызды алдыңызға қойыңыз. Ересектер жағдайды көріп, көмекке келеді», – деп ескертті полиция капитаны.
Экскурсия соңында Айнаш Балғыбаева кинолог болуды армандайтын жастарға мүмкіндік туралы айтып берді.
«Болашағыңызды біздің қызметпен байланыстырғыңыз келсе, қуана қарсы аламыз. Колледж бен университеттен кейін арнайы дайындықтан өтіп, шен алып, осында тәжірибеден өте аласыз. Жұмыс қиын, бірақ өте маңызды», – деді ол.