Астанада педагогтердің іс-тәжірибе материалдарын қабылдауға арналған жаңа электронды платформа таныстырылды

Астанада педагогтердің іс-тәжірибе материалдарын қабылдауға арналған жаңа электронды платформа таныстырылды

Астана қаласының Білім басқармасы Әдістемелік орталығы қалалық сараптамалық кеңестің (ҚОӘСК) үшінші отырысында ұстаздардың инновациялық педагогикалық іс-тәжірибе материалдарын қабылдауға арналған жаңа электронды платформа таныстырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Әдістемелік орталық педагогтердің жеке авторлық жобалары мен іс-тәжірибе материалдарын қабылдайтын ar.astana-modern.kz онлайн-платформасының іске қосылғанын ресми түрде мәлімдеді. Бұл жүйе педагогтердің материалдарын қабылдау үдерісін оңтайландырып, сараптау жұмысын барынша ашық әрі тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Платформа ҚОӘСК ережесінің негізінде әзірленіп, құжаттарды жүктеу мен кеңес отырысының барлық кезеңі толық автоматтандырылған.

Жаңа жүйенің мүмкіндіктерін түсіндіру мақсатында білім беру ұйымдары басшыларының орынбасарлары үшін үш әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында платформаның жұмыс тәртібі, құжаттарды жүктеу алгоритмі және пайдаланушыларға арналған негізгі функционал таныстырылды.

Платформаның басты бетінде авторларға арналып екі тілде дайындалған қысқаша мәтіндік нұсқаулық пен бейненұсқаулық орналастырылған. Әр педагог логин және пароль арқылы тіркеліп, жеке кабинетін пайдаланады.

Құжаттар дұрыс жүктелген жағдайда жүйе автоматты түрде хабарлама жіберіп отырады. Сонымен қатар, педагогтер өз материалдарының қаралу кезеңін жүйеден келіп түсетін ескертулер арқылы бақылап отыра алады.

Платформада материалдарды жүктеу кезінде немесе жұмыстың қарастыру мәртебесіне қатысты туындаған сұрақтарға жедел жауап беретін арнайы чат қызметі де қарастырылған.

Айта кету керек, бұған дейін педагогтер авторлық жобаларын сараптамаға жіберу үшін айтарлықтай уақыт жұмсайтын. Жаңа платформа бұл мәселелердің тиімді шешіміне айналып, үдерісті барынша жеңілдетуді көздейді. Сондай-ақ, бұл Қазақстанда авторлық жобаларды қабылдауға арналған алғашқы онлайн-платформа.