Жатыр мойны обырының алдын алу: Астанада АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізіліп жатыр

Жатыр мойны обырының алдын алу: Астанада АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізіліп жатыр
Жатыр мойны обыры – Қазақстанда және әлемде әйелдер денсаулығына ең үлкен қатер төндіретін аурулардың бірі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, елімізде күн сайын бес әйел осы диагнозды алғаш рет естиді және тәулігіне екі қазақстандық әйел аталған аурудан қайтыс болады. Жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулардың құрылымында сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. Бұл туралы қаланың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева, №2 қалалық емхананың балалар және жасөспірімдер гинекологы, Астана қаласының штаттан тыс бас балалар гинекологы Наталья Мунько мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап елімізде қыз балаларға қарсы АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізіліп жатыр. АПВ өте кең таралған: жер шарындағы халықтың 80% осы вирустың тасымалдаушылары болып саналады.

Бүгінгі таңда АПВ-ны толық емдеп шығаратын арнайы медициналық ем жоқ.
 
Алдын алудың жалғыз әрі ең тиімді жолы – вакцинация.

Қазақстанда АҚШ-та өндірілген «Гардасил» төрт валентті вакцинасы қолданылады. Ол вирустың төрт типіне – 6, 11, 16 және 18 түрлеріне қарсы қорғаныс береді. Алғашқы АПВ вакциналары 2006-2007 жылдары тіркелген, олардың қауіпсіздігі ірі халықаралық зерттеулермен және ұзақ жылдар бойғы тәжірибемен дәлелденген.

Астана қаласында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация науқаны 2024 жылғы 20 қыркүйекте басталды және Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес жүргізілуде. Иммундау 11-13 жастағы қыздарды қамтиды, сондай-ақ ата-аналардың өтініші бойынша қосымша вакцинация жүргізіледі.

2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша: Бірінші дозаға (V1) – 5572 қыз бала егілді, оның ішінде 4457 – 11 жаста (қамту деңгейі 36,5%). 2025 жылғы сәуірде басталған екінші кезеңде (V2) – 6925 қыз, оның ішінде 4186 – 11 жаста (қамту деңгейі 34,3%).

«Құрметті ата-аналар! Адам папилломасы вирусы тек жыныстық жолмен ғана емес, тері мен шырышты қабаттар арқылы, сондай-ақ кей жағдайларда босану кезінде анадан балаға жұғуы мүмкін. Сондықтан қорғанысты алдын ала қамтамасыз ету қажет.

Вакцинация үшін ең қолайлы жас – 9-14 жас, бұл кезеңде иммундық жауап ең жоғары деңгейде қалыптасады. АПВ-ға қарсы вакцина Ұлттық күнтізбеге енгізілген және қызыңыздың денсаулығын ұзақ жылдарға қорғауға мүмкіндік беретін маңызды профилактикалық шара болып саналады», – дейді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.