
Грекияның Волос қаласында 14-17 қараша аралығында жасөспірімдер арасында беделді SPLASHTOURNAMENTS халықаралық су добы турнирі өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Еуропа мен Азияның Мальта, Түркия, Сербия, Черногория, Кипр, Грекия, Румыния және басқа да елдерінің мықты клубтары қатысқан додада Қазақстан намысын елордалық «ASTANA» спорт клубы мен Орал қаласының тәрбиеленушілері қорғады. Олар U14 және U16 санаттарында сынға түсті.
«ASTANA 2012» (U14) командасы топтық кезеңде Румыния, Грекия және Черногория спортшыларын айқын басымдықпен жеңді. Ал жартылай финалда Грекияның ең мықты командасын 16:9 есебімен ұтты.
«Осылайша «ASTANA 2012» тарихи күміс жүлдені иеленді. Бұл – соңғы жылдардағы қазақстандық су добы спортындағы ең елеулі жетістіктердің бірі. Біздің спортшыларымыз Еуропаның ең мықты клубтарымен тең дәрежеде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Ата-аналарды және «ASTANA» клубын осы жетістікпен құттықтаймыз», – деді клуб жаттықтырушысы Санжар Сәлімбаев.
U16 санатында өнер көрсеткен «ASTANA 2010» командасы да жақсы нәтиже көрсетіп, 8-орынға табан тіреді. Олар жүлделі орыннан бір қадам ғана кейін қалды. Бұл турнир жас спортшылар үшін ерекше тәжірибе мен маңызды белес болды.