«Заң және тәртіп»: Астанада «Жылы мұң» спектаклі көпшілік назарына ұсынылды

«Заң және тәртіп»: Астанада «Жылы мұң» спектаклі көпшілік назарына ұсынылды

Астанада «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры» жасанды интеллект технологияларын пайдаланып жасалған «Жылы мұң» атты спектакльді көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл – қазақстандық театр кеңістігінде алғаш рет ЖИ толыққанды шығармашылық құрал ретінде қолданылған жоба. Театр басшылығының айтуынша, мұндай қадамға келу – бірнеше ай бойы жүргізілген талқы мен шығармашылық ізденістің нәтижесі. Директордың орынбасары осы жаңашылдықтың мәнін нақтылай отырып:
«Біз ЖИ-ді шығармашылық процеске қалай енгізу керегін ұзақ зерттедік. Бұл – үлкен тәуекел, себебі театр табиғаты адам сезіміне, актерлік ойынға негізделеді. Бірақ уақыт талабы – технологиямен жұмыс істей білу.

Сценография, костюм, жарық пен визуалды бейнелердің басым бөлігі ЖИ арқылы дайындалды. Қазақ театрында мұндай эксперимент алғаш рет жасалып отыр», – деді.

Театрдың мұндай батыл шешімге келуіне Үкімет деңгейінде айтылған цифрлық трансформация бағыты да ықпал еткен. Премьер-министрдің Жолдауында әр салаға жаңа технология енгізу туралы тапсырма берілгені белгілі. Театр өкілдері мәдениет саласының да осы талаптан қалыс қалмауы керектігін атап өтті.

Спектакльдің режиссері және пьеса авторы Нұржігіт Мүслімов премьера алдында қойылымның көркемдік мақсаты мен идеялық жүгін түсіндіріп өтті.

«Жылы мұң – жанұяның күйреуіне әкелетін нашақорлық дерті туралы эмоционалдық тұрғыдан ауыр, бірақ қоғам үшін аса маңызды шығарма.

Мен көрерменді жылатып немесе үркітуді емес, ойландыруды көздедім. Әр адам бұл қойылымнан өз тағдырының бір бөлігін көруі мүмкін, әсіресе ана мен бала арасындағы нәзік байланысты сезінеді», – деді режиссер.

Қойылым көрерменді 2000 жылдардың атмосферасына жетелейді. Тарихи кезеңді қайта жаңғырту үшін ЖИ-дің көмегімен сол уақытқа тән интерьер, киімдер, тұрмыстық бөлшектер мен визуалды фон жасалған. Спектакль желісі есірткінің адамның ішкі әлемін қалай күйрететінін, ата-ана мен бала арасындағы сенімге қалай сызат түсіретінін, соңғы үмітке жармасқан адамдардың психологиялық күйзелісін қысқа әрі эмоционалдық эпизодтармен жеткізеді.

Премьера Астана қаласы Мәдениет басқармасының «Астана – есірткісіз қала» жобасының шеңберінде ұйымдастырылды. Бұл бағдарлама жастарға бағытталған, мақсат – тәуелділікке қарсы иммунитет қалыптастыру, алдын алу жұмыстарын тиімдірек ету.

#заңжәнетәртіп #законипорядок