Астанада түнгі уақытта қар күреу жұмысына мыңнан астам арнайы техника шығарылады

Астанада түнгі уақытта қар күреу жұмысына мыңнан астам арнайы техника шығарылады

Астанада қар аралас жаңбыр жауып, ауа райы тұрақсыз болып тұр. Мұндай жағдайлар көктайғақтың пайда болуына әсер етеді, ал қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы жолдарды тазалау жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

12 қараша күні күндіз қала аумағынан 17 553 текше метр қар 1 365 рейспен шығарылды.

Түнгі ауысымда 448 жол жұмысшысы мен 1 031 бірлік арнайы техника қар тазалау жұмысына жұмылдырылады.

Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Осыдан кейін қозғалыс қарқындылығы орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда қар күреу жұмысы жүргізіледі.

Көктайғаққа қарсы шараларға ерекше назар аударылып отыр. Тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету мақсатында жолдар мен тротуарларға техникалық тұз себіліп жатыр.

Айта кетейік, қысқы маусым басталғалы бері арнайы полигондарға 234 мың текше метрден астам қар шығарылған, бұл – 18 710 ауыр жүк көлігінің рейсіне тең.

Астана әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жол мен тротуарда барынша сақ болуға, сондай-ақ ауа райы қолайсыз кезде алыс сапарларға шықпауға шақырады.