
Елордадағы №23 өрт сөндіру бөлімінде Сарыарқа ауданының төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері электромобильдердегі өрт қауіпсіздігі тақырыбына арналған оқу-жаттығу сабағын өткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара барысында қатысушылардың ерекше назарын электромобиль өртенген кездегі іс-қимыл тәртібіне аударды.
«Электромобильдер біздің өмірімізге барған сайын еніп келеді. Сол себепті халық оларды пайдалану кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік техникасын және төтенше жағдай туындаған кезде қалай дұрыс әрекет ету керектігін білуі қажет. Біздің қаламызда электромобильдердің өртену жағдайлары әлі тіркелген жоқ, алайда Алматыда қазан айында осындай бір оқиға болған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.
Біз осындай жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы сабақты өткізіп отырмыз», – деді Сарыарқа ауданының төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Бақыт Қожакеев.
Оның айтуынша, электромобильдердегі өрттердің өзіне тән ерекшеліктері бар. Электр көліктерін сөндіру кезінде көбік түзуші заттар қолданылмайды.
«Электромобиль өртенген жағдайда жүргізушінің әрекет ету алгоритмі мынадай. Ең алдымен, өрттің таралуына жол бермейтіндей барынша қауіпсіз жерге тоқтау қажет. Содан кейін көлікті тұрақ режиміне қою керек. «Ақылды кілтті» шығарып алып, көліктен кем дегенде бес метр қашыққа шегіну қажет, себебі кілт көлікке сигнал жіберуі мүмкін. Сонымен қатар жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дереу құтқару қызметін шақыру қажет», – деп толықтырды спикер.