Астанада 3000-ға жуық коммуналдық қызметкер қар мен көктайғақтан тазарту жұмысын жүргізіп жатыр

Астанада 3000-ға жуық коммуналдық қызметкер қар мен көктайғақтан тазарту жұмысын жүргізіп жатыр

Астананың коммуналдық қызметтері қысқы маусым басталғалы тәулік бойы ауысымдық режимде жұмыс істеп жатыр. Ерекше назар көктайғақтың алдын алу шараларына аударылған, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Өткен түні коммуналдық қызметтер арнайы полигондарға 1 512 рейспен 18 540 текше метр қар шығарды.
12 қараша күнгі таңертеңгі жағдай бойынша қар тазалау жұмысына 2 926 жол жұмысшысы мен 1 381 арнайы техника жұмылдырылған.

Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жолдар мен тротуарларға техникалық тұз себіледі.

Айта кетейік, қыс басталғалы бері елордадан арнайы полигондарға 216 мың текше метрден астам қар шығарылған, бұл 17 345 ауыр жүк көлігінің рейсіне тең.
Ең алдымен басты көше магистральдері мен қоғамдық көлік жолдары тазартылады.

Бұдан кейін қар тазалау қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жүргізіледі.

Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша абай болуға және ауа райы қолайсыз кезде алыс сапарларға шықпауға шақырады.