
Елордадағы коммуналдық қызметтер тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуде. Қала көшелерінен қар жедел түрде тазаланып, арнайы полигондарға шығарылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
11 қараша күні коммуналдық қызметтер арнайы полигонға 1669 рейспен 21 мың текше метрден астам қар жеткізді.
12 қарашаға қараған түні қаланы қардан тазалау жұмысына 439 жол жұмысшысы мен 1021 арнайы техника жұмылдырылады.
Қыс басталғалы бері елордадан 198 мың текше метрден астам қар, яғни 16 596 ауыр жүк көлігінің рейсі көлемінде қар шығарылды.
Алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Осыдан кейін қозғалысы орташа қарқындылы учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда қар күреу жүргізіледі.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда аса сақ болуға және ауа райы қолайсыз кезде алыс сапарларға шықпауға шақырады.