
31 қазан күні Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Халық заңгері» республикалық әлеуметтік акциясы өтеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрғындарға нақты мәселелерін шешуге көмектесу. Қала тұрғындары несие берешегі, алимент, жер және тұрғын үй даулары, мұрагерлік істер сияқты түрлі тақырыптар бойынша кеңес ала алады.
Акция барысында мемлекеттік органдардың өкілдері, еліміздің үздік заңгерлері мен адвокаттары азаматтарды қабылдап, құқықтық сұрақтар бойынша тегін кеңес береді.
Келушілерге өз істеріне қатысты құжаттарын алып келу ұсынылады – бұл нақты әрі толық кеңес алуға мүмкіндік береді. Кіру – тегін.
Іс-шараны Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Республикалық адвокаттар алқасы және мемлекеттік органдар ұйымдастырып отыр.
Акция 31 қазан күні сағат 17:00-де басталады. Өтетін орындар туралы толық ақпаратты lp.prg.kz/kk/narod-jur-2025 сайтынан білуге болады.
Айта кетейік, дәл осы күні «Халық заңгері» акциясы Қазақстанның барлық өңірінде өтеді.