Астанада есірткі қылмысына қарсы күресте депутаттар, спортшылар, полицейлер және блогерлер күш біріктіреді

Астанада есірткі қылмысына қарсы күресте депутаттар, спортшылар, полицейлер және блогерлер күш біріктіреді

Астанадағы полиция департаментінде департамент бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың төрағалығымен есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Отырысқа қалалық мәслихат депутаттары, танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері және медиа тұлғалар қатысты. Олардың барлығы есірткі қылмысының алдын алу және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуге ниетті.

Кеңестің жаңа мүшелеріне есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу, заңға бағыну мәдениетін насихаттау және профилактикалық жұмысты жетілдіру бойынша нақты шараларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екендігін растайтын куәліктер табысталды.

Елордадағы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің тәжірибесі Ішкі істер министрлігі тарапынан маңызды бастама ретінде танылып, оның жұмысы өңірлерге үлгі ретінде таратылатыны атап өтілді.

Кеңес мүшелері өз бағыттары бойынша ұсыныстарын білдіріп, жоспарланған жобаларды жүзеге асыруға бар күш-жігерін салуға дайын екендерін жеткізді. Отырыста атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған жаңа міндеттер белгіленді.
Полиция департаментінің бастығы есірткі қауіпіне қарсы күресте мемлекет пен қоғам күшінің бірігуінің маңызын атап өтті.

«Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алуда және жастарды есірткінің зиянды ықпалынан қорғауда тұрақты нәтижеге тек қоғамның белсенді араласуы және әр азаматтың жеке жауапкершілігі арқылы ғана қол жеткізуге болады», — деді Марат Төлебаев.

Ведомство ішінде кеңестің жүйелі түрде жұмыс істейтіні, нақты нәтиже мен қоғамды есірткі қатерінен қорғауда ұзақмерзімді тиімділікке бағытталатыны айтылды.

Еске сала кетейік, елордада прокуратура мен қалалық Полиция департаментінің үйлестіруімен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар жалғасуда. «Заң және тәртіп» бастамасы аясында жүргізіліп жатқан шаралар бірлескен рейдтер өткізуді, оқу орындарында профилактикалық кездесулер ұйымдастыруды, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жою жұмысын қамтиды.

#заңжәнетәртіп