Астаналық Мерей Мәулетқанов әлем чемпионатында қола жүлде алды

Астаналық Мерей Мәулетқанов әлем чемпионатында қола жүлде алды

Астана қаласының спортшысы Мерей Мәулетқанов 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Күрес түрлерінен Сербияның Нови-Сад қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі жаһандық додада ел қоржынына алғашқы жүлде түсті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Грек-рим күресінен 72 келіде сынға түскен жерлесіміз қола жүлде үшін таласта бейтарап спортшы Данил Григоревті мерзімінен бұрын жеңді.

Жарыс барысында Мерей Болгария балуаны Сергей Стоевты 8:0, Түркия спортшысын 9:0 есебімен бет қаратпай жеңсе, жартылай финалдық тартысты белдесуде Өзбекстан өкілі Аброр Атабаевқа 1:3 есебімен жол берген еді.

Айта кетейік, 22 жастағы Мәулетқанов өткен айда ғана ересектер арасындағы дүниежүзілік бәсекеде әлем чемпионы және Париж Олимпидасының жүлдегерін ұтып, сенсация жасаған еді. Нәтижесінде ол 5-орынға тұрақтаған болатын.