Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері ұрпақтар сабақтастығы аясында елордадағы №73 мектептің оқушыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Тағылымды кездесуді ұйымдастыруға тарих пәнінің мұғалімі Гаури Жомартова мұрындық болды.
Іс-шара Гаури Ботақанқызының «Алаш заңгерлері: тәуелсіздік пен сабақтастық тақырыбын зерттеуде инновациялық әдістерді қолдану» атты авторлық бағдарламасы аясында маңызды кездесуге айналды.
Кездесу барысында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының белсенді қатысушысы, әрі өнерлі зейнеткерлерден құрылған «Әдемі» ансамблінің өнерпазы, мәдениет саласының ардагері режиссер Еркін Қасенов «Ашық микрофон» форматында оқушыларымен пікір алмасты.
Ол елдің болашағы білімді жастардың қолында екенін айтып, жалынды сөздерімен рухтандырды.
Сонымен қатар, Әлихантанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы Жүсіп оқушыларға Алаш идеясының мән-маңызы, тәуелсіздікке қосқан үлесі туралы баяндап өтті.
Оқушылар өз кезегінде Алашорда үкіметін құрушы заңгерлер, олардың тарихи еңбегі мен ұрпақтар сабақтастығы туралы сұрақтар қойды.