Астанада есірткі қылмысына қарсы жүйелі күрес жүріп жатыр. Соның ішінде елорда мектептерінде нашақорлықтың алдын алу бойынша дәрістер жалғасын табуда, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
«Нашақорлыққа жол жоқ» профилактикалық дәрістері Қазақстан Республикасындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, сондай-ақ Esirtkisiz Elorda жобасы аясында өтіп отыр.
Спикерлер, полиция қызметкерлері мен кәсіби психологтар, сондай-ақ «Астана жастары» еріктілері оқушыларға тәуелділіктің пайда болу себептері, оның салдары мен алдын алу тәсілдері туралы қолжетімді түрде хабардар етеді.
Жобада жасөспірімдердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға, теріс әсерге қарсы тұру дағдыларын дамытуға және салауатты өмір салтының құндылығын жете түсінуіне ерекше назар аударылады. Мұндай кездесулер оқушыларға есірткі заттарын қолданудың зиянды салдарын түсіндіріп қана қоймай, олардың өзін-өзі дамытуға, спортқа және белсенді азаматтық ұстанымға ұмтылуын қалыптастыруға арналған.
Профилактикалық жұмыс тұрақты негізде жалғасуда және қаланың барлық оқу орындарын қамтиды.