«Біз шымыр болуымыз керек, сонда кез келген сын-қатерге әрдайым дайын тұрамыз»: астаналық құтқарушы өз қызметі туралы айтты

«Біз шымыр болуымыз керек, сонда кез келген сын-қатерге әрдайым дайын тұрамыз»: астаналық құтқарушы өз қызметі туралы айтты

Қазақстанда 19 қазан – қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, адам өмірін құтқаратын құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Төтенше жағдайларда әркез алғашқы көмекке келетін де – осы мамандар. Мереке қарсаңында Астана қаласындағы №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, старшина Егор Слатин өз қызметінің ерекшеліктері туралы әңгімеледі, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.

Егор Слатин құтқарушылар қатарындағы қызметін 2016 жылы бастаған. Айтуынша, бұл мамандықты ол саналы түрде таңдаған – бұл балалық арманның өмірлік ісіне айналғаны.

«Кішкентай кезімнен өрт сөндіруші болуды армандадым. 2016 жылдан бастап осы маңызды мамандықта қызмет етіп, арманымды жүзеге асырғаныма қуанамын», – дейді ол.

Бөлімше командирінің айтуынша, өрт сөндірушілердің қызметі тек өртпен күресумен шектелмейді. Олардың міндетіне авариялық-құтқару жұмысының бүкіл спектрі кіреді: жол-көлік оқиғаларының салдарын жоюдан бастап, түтін басқан бөлмелерден адамдарды құтқаруға дейін.

«Біздің негізгі міндетіміз – өрт сөндіру, авариялық-құтқару жұмысын жүргізу және қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету», – дейді Егор Слатин.

Қызмет таңғы сағат 08:00-де басталады: сапқа тұру, жабдықтарды қабылдау, тыныс алу органдарын қорғау құралдарын тексеру. Күн тәртібі нақты жоспарланған: үнемі жаттығулар, нормативтерді пысықтау, теориялық және дене дайындығы бойынша сабақтар.

«Біз әрқашан шынығып, кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Бұл үнемі формада жүруді талап етеді», – дейді старшина.

Тоғыз жылдық қызметінде Егор талай күрделі құтқару шараларына қатысқан. Арасында есінде ерекше қалғаны – Абай облысындағы ірі орман өрті. Бұл – қызмет жолындағы ең ауыр шақырулардың бірі болған.
«Бұл өте күрделі өрт болды. Жағдай өте қауіпті еді, бірақ бүкіл команданың үйлесімді жұмысының арқасында біз оны еңсере алдық», – деп еске алады құтқарушы.

Оның айтуынша, құтқарушы қызметінің ең маңызды тұсы – команданың ішіндегі сенім.

«Біз – бір үйдің адамы сияқтымыз Бір-бірімізге сену өте маңызды. Өрт кезінде ойланып тұратын уақыт жоқ, бәрі шапшаң, нақты әрі салқынқанды әрекет етуді талап етеді», – дейді ол.

Әңгіме соңында ол әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, барлығына мықты денсаулық, күш-қуат және аман-есен үйлеріне оралуды тіледі.

«Біздің жұмыс – үлкен жауапкершілік, бірақ сонымен бірге мақтаныш. Құтқарушылардың кәсібилігі мен ерлігінің арқасында қазақстандықтар өзін қауіпсіз сезіне алады», – деп түйіндеді ол.