Әр шақырту – бір тағдыр: елордалық құтқарушы қызметі жайлы сыр шертті

Әр шақырту – бір тағдыр: елордалық құтқарушы қызметі жайлы сыр шертті

Өрт сөндірушілердің өмірі – минутпен өлшенетін жауапкершілік. Әр шақырту – бір тағдыр. Қуат Молдажанов 12 жыл бойы осы ауыр міндетті абыроймен атқарып келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бөлім ерлікпен қызмет еткен өрт сөндірушінің құрметіне аталған. Осыдан тура 3 жыл бұрын Асқар Забикулин қаладағы «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде өртенген пәтерден бірнеше адамды құтқарған.

Қызметтік міндетін атқарып жүріп, оның денесінің көп бөлігін күйік шалып, қаза тапты. Сондықтан бөлімді тек өртпен емес, батырлықпен күрескен ержүрек жандардың мекені деуге болады. Оның аумағында өрт сөндірушінің құрметіне қоладан құйылған ескерткіш қойылған. Ғимараттың кіреберісінде Асқар Забикулинге арналған мұражай бұрыш бар. Онда оның суреттері, өмірбаяны мен ерлігі жайлы мәліметтер келушілер назарына ұсынылған.

Бөлімше командирі Қуат Молдажанов – Шығыс Қазақстан облысының тумасы, 12 жылдан бері қызыл жалынмен арпалысып, көптеген адамды ажалдан арашалап жүр. Кейіпкеріміз бұл мамандықты жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссиясы деп біледі.

«2010 жылы әскер қатарына шақырылдым. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімінде бір жыл қызмет атқардым. Сол жерде маған бұл сала ұнап қалды. Әскерден келген соң, құжаттарымды жинай бастадым.

Сөйтіп, келесі жылы, яғни 2013 жылдың наурыз айында осы сала бойынша жұмысқа тұрдым», - деді ол.

Қуат Шынтемірұлының айтуынша, бір өрт сөндіру техникасында жеті адам болады. Олар: жүргізуші, қарауыл бастығы, бөлімше командирі және төрт өрт сөндіруші. Олардың әрқайсысының атқаратын қызметі нақты белгіленген.

«Бір ауысымда 3 бөлімше болады. Әр бөлімшеге бір командир жетекшілік етеді. Мысалы, менің бөлімшемде 7 адам бар. Мен сол мамандарға жауаптымын. Таңертең жұмысқа келгенде алдыңғы ауысымнан техникалық құралдарды, үй-жайларды және аумақты қабылдап аламыз. Егер қандай да бір ақау болса, басшылыққа хабарлап, шешу жолдарын қарастырамыз», - деді спикер.

Өрт сөндіруде ең маңызды құрал – су. Әр өрт сөндіру техникасында 5 тоннаға дейін су болады. Кез келген өрт оқиғасына жеткен соң, бұл суды пайдаланып, кейін сол маңдағы өрт гидранттарынан қосымша су алынады. Олар әрбір ауданда, көшелерде, көпқабатты үйлердің маңында орналасқан.

«Әр күніміз белгісіз. Түнде де, күндіз де шақырту келуі әбден мүмкін. Өрт кезінде біз тек қызыл жалынды өшірмейміз, адамдарды құтқарамыз, оларды қауіпсіз орынға шығарамыз», - деді спикер.

Бүгінде Қуат Молдажанов – тәжірибелі әрі кәсіби маман. Қауіп-қатердің ортасында болып, адам өмірін арашалауды өмірлік миссиясы деп санайтын кейіпкеріміз секілді мамандар – қазіргі күннің батырлары.

Олар үшін әр ауысым – дайындық, әр шақырту – сын сағаты, ал әр құтқарылған адам – жеңістің ең үлкені.