Астанада меморгандар мен бизнес өкілдері экономикалық реформалардың негізгі бағыттарын талқылады

Астанада меморгандар мен бизнес өкілдері экономикалық реформалардың негізгі бағыттарын талқылады

Елордада мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен елдің экономикалық саясаты мен жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерін түсіндіруге арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Жиынға ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов, мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын және жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерді түсіндіру, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы ашық диалогты дамыту.

«Астана бүгінде елдің ең ірі экономикалық орталықтарының бірі. Өңірлік жалпы өнімнің 72 пайыздан астамы шағын және орта бизнестің үлесіне тиесілі. Қалада 270 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, олар жарты миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұндай кездесулер бизнестің дамуына серпін беріп, ашық пікір алмасуға мүмкіндік жасайды», – деді Астана кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев.

Вице-министрлер жаңа Салық кодексінде көзделген негізгі жаңалықтарға егжей-тегжейлі тоқталды. Негізгі бағыттар – салық жүктемесін азайту, есептілікті жеңілдету, инвестициялық белсенділікті ынталандыру және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру.

Сонымен қатар Қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары жаңа Салық кодексінің қоғам мен іскер ортаға әсерін талқылап, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтты.

Кездесу соңында кәсіпкерлер өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Іс-шара мемлекеттік құрылымдар, бизнес және қоғам өкілдері арасындағы серіктестік пен сенімді нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.