Астананың Сарыарқа ауданында табиғи газ салтанатты жағдайда іске қосылды

Астананың Сарыарқа ауданында табиғи газ салтанатты жағдайда іске қосылды

Астананың Сарыарқа ауданында газдандыру жобасы аясында табиғи газдың салтанатты түрде іске қосылу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шаукентаев, басқарма өкілдері мен газ компаниясының мамандары қатысты.

Жоба ұлттық компания «QazaqGaz» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы – «QazaqGaz Aimaq» АҚ тарапынан 2024-2028 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылды.

Жаңа кезеңнің арқасында бұған дейін жобаға кірмеген 84 жеке тұрғын үй табиғи газға қосылды.

Компания мамандарының айтуынша, бұл жоба тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартып қана қоймай, ауданның инфрақұрылымын дамыту мен шағын бизнестің өркендеуіне де мүмкіндік береді.

«Табиғи газдың өзге отын түрлерімен салыстырғанда артықшылықтары көп. Ол күнделікті өмірімізді айтарлықтай жеңілдетеді. Дегенмен, газбен жұмыс істеуде қауіпсіздік әрқашан бірінші орында тұруы тиіс», – деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының бас инженері Ержан Балабеков.

Жобаның екінші кезеңі аясында үш шақырымнан астам төмен және орта қысымды газ құбыры тартылып, екі заманауи газ реттеу пункті орнатылды. Бұл жаңа желілер барлық қосылған үйге тұрақты қысым мен үздіксіз газ жеткізуді қамтамасыз етеді.

«Қазір аудан бойынша газдандырылмаған немесе есепке алынбаған мекенжай жоқ. Барлық тұрғынның, соның ішінде Шалы және Жарсу көшелерінен түскен өтініштер толық орындалды», — деді инженер.

Мамандар сондай-ақ жүйенің тұрақтылығын арттыру мақсатында сақиналы газ құбырларын салуға ерекше көңіл бөлген.

«Біз Көктал, Көктал-2 және Көктал-3 тұрғын алаптарында үш сақиналы желі жүргіздік. Бұл желілер жүйенің үздіксіз жұмыс істеуіне үлкен әсер етеді: енді жоспарлы немесе апатты жағдайда уақытша ажыратылатын абоненттер саны төрт мыңнан бір жарым мыңға дейін қысқарды. Бұл жаз мезгілінде де газ қысымының тұрақты болуын қамтамасыз етеді», – деді Ержан Балабеков.

Табиғи газға алғашқылардың бірі болып қосылған Сарыарқа ауданының тұрғыны Дүйсенбек Азанұлы нәтижеге риза екенін жеткізді.

«Барлығы жақсы жұмыс істеп тұр, үй жылы. Бұрынғыдай көмір мен отын тасудың қажеті жоқ. Бір батырманы бассаң болды – температураны реттеп, жайлы өмір сүресің», – деді ол.

Қазіргі уақытта елорданы газдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Биыл Сарыарқа ауданы тұрғындарынан түскен 30-ға жуық жаңа өтініш қарастырылған, олардың бір бөлігі жобалық құжаттамаға енгізілді.

Компания өкілдерінің айтуынша, инфрақұрылымды дамыту жұмысы аудан әкімдігі мен энергиямен жабдықтау ұйымдарымен тығыз ынтымақтастықта жүргізіліп жатыр.