
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Астана қаласындағы мектептерде «Күздің сыйы» атты экокөрмелер ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Көрменің негізгі мақсаты – оқушылардың экологиялық санасын қалыптастыру және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін тәрбиелеу.
Жиынға оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар атсалысуда. Барлық жұмыс табиғи материалдардан – жапырақтардан, бүрлерден, жеміс-жидектер мен көкөністерден жасалған. Әр мектептің көрме туындылары өзіндік ерекшелігімен көзге түседі: бірі күзгі жапырақтардан гүл шоғын әзірлесе, енді бірі асқабақтан мүсіндер, ал кейбірі шағын табиғи пейзаждар жасайды.
«Таза Қазақстан» жобасы тек аумақты тазалау мен ағаш отырғызудан тұрмайды.
Бұл бастама экологиялық ой-сананы арттыруға бағытталған ағартушылық және шығармашылық іс-шараларды да қамтиды.
Мектептердегі «Күздің сыйы» көрмелері балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, мектеп ұжымының бірлігін нығайтады. Ең бастысы – оқушылар табиғи ресурстарға басқа қырынан қарауды, жапырақ пен бұтақтың, жеміс пен көкөністің де қолөнерге жарайтын құнды материал екенін түсінеді.