Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары прокуратурамен және тиісті мемлекеттік құрылымдармен бірлесе отырып, елорда көшелерінде есірткінің таралу фактілерін анықтап, жолын кесуде, сондай-ақ алдын алу шараларын ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілер арқылы психотропты заттарды өткізуді көздеген елорда тұрғынын ұстады. Тінту кезінде оның үйінен жалпы салмағы 8,17 грамм болатын α-PVP психотропты заты салынған 20 орама табылып, тәркіленді.
Тергеу мәліметінше, әйел адам әлеуметтік желі қолданушылардың бірімен алдын ала келісім жасаған.
Сот күдіктіні жеті жылға бас бостандығынан айырды.
Тағы бір жағдайда шетел азаматы Астанаға келіп, Telegram мессенджері арқылы белгісіз тұлғамен келісіп, «есірткі жасырып кетуші» ретінде жұмыс істегені анықталды. Тінту барысында полицейлер оның қалтасынан α-PVP есірткі заты салынған бес орама тапты.
Сот оның кінәсін мойындап, шын өкінгені, сондай-ақ үшінші топтағы мүгедек екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
«Заң және тәртіп» аясында елордада бірқатар кешенді шара жүзеге асырылып жатыр. Оған бірлескен рейдтер, оқу орындарында профилактикалық кездесулер өткізу және тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтап, жою жұмыстары кіреді.