Астаналықтар арасында JOLTAP жобасының интерьер дизайны курсы танымал бола бастады

Астаналықтар арасында JOLTAP жобасының интерьер дизайны курсы танымал бола бастады

Астанада тұрғындарға қысқа мерзім ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерді меңгеріп, табысын арттыруға мүмкіндік беретін JOLTAP жобасы сәтті жалғасып келеді.

Сол курстардың ішінде ең көп қызығушылық тудырып отырған бағыттың бірі – «Тұрғын үй интерьерін жобалау негіздері» атты курс. Осы жоба аясында астаналық Румия Салықова білім алып, шығармашылық мамандықты өз кәсібіне айналдыруға бел буды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Курстың оқытушысы Лаура Досыбаеваның айтуынша, бағдарлама көпжылдық тәжірибе негізінде әзірленіп, қысқа уақытта интерьер дизайны саласында берік база қалыптастыруға көмектеседі.

«Курстың басты мақсаты – кеңістікті жобалаудың логикасын және қағидаттарын үйрету. Біз студенттерге идея қалай туындайтынын, сол сияқты композиция қалай құрылады, түстер мен пропорциялар қалай жұмыс істейді және сызба мен жоспарды сауатты орындау жолдарын көрсетеміз», – дейді ол.

Курсқа қатысушылар арасында мектеп оқушылары, колледж студенттері және жиһаз дизайнері мен текстиль декораторы сияқты салаларда еңбек етіп жүрген мамандар бар. Кейбір қатысушылар алған білімін флиппинг, яғни тұрғын үйлерді қайта жобалап, сату саласында пайдалануды жоспарлап отыр.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын кеңістікті қабылдау психологиясы тақырыбы тудырды, яғни интерьердің адам көңіл-күйіне әсері және жайлылық пен әсемдік арасындағы тепе-теңдік жайында.

«Әр сабақтың өз ерекшелігі бар. Сабақтан кейін студенттер өз үйлеріне басқаша қарай бастайды, қателіктерді байқап, жайлылық пен үйлесім туралы ойланады. Бұл туралы алдағы уақытта өздері де айта жатар», – дейді Лаура.

Курстар жақында ғана басталғанымен, алғашқы нәтижелері қуантарлық. Ең жас қатысушылар университетке түсуге дайындалып жүр, олар осы сабақтан кейін интерьер дизайнын өз мамандығы ретінде таңдаған. Басқалары алған білімін іс жүзінде қолданып, флиппингпен және жеке жобалаумен айналысып жүр.

Бағдарлама еуропалық оқыту әдістемесі негізінде құрылған: мұнда баға қою емес, еркін ойлау мен қызығушылыққа басымдық беріледі. Дәрістер еркін форматта өтеді, ал студенттер құрылыс кезеңдерімен, әрлеу материалдарымен, сызу және жобалау қағидаттарымен танысады. Бар болғаны он күннің ішінде әр студент өз жобасын қорғап шығады.

«Мен өзім көп жыл сурет мектебінде, университетте және Италияда магистратурада оқыдым. Өзімнің алған тәжірибемді өзгелерге үйреткім келді. Студенттердің көздерінен от көргенде, еңбегімнің ақталғанын сеземін», – дейді Лаура Досыбаева.

Курс түлегі Румия Салықова бастапқыда тәжірибесіз келгенімен, алғашқы сабақтардан-ақ сенімі артқанын айтты:
«Маған әрдайым үйдің жайлылығы мен жылылығы қызық болатын. Курстар басталғанын ести салысымен жазылдым. Оқытушы күрделі тақырыптарды да түсінікті әрі шабытпен түсіндіреді. Бұл оқу — дизайн әлеміне бастайтын қызықты сапардың бастауы», – дейді ол.

Қазір Румия кәсіби деңгейін арттырып, алғашқы жеке жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

«JOLTAP командасына ұйымдастырып, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Бұл курстар – әр адамға өзінің жаңа қырын ашуға берілген мүмкіндік», – дейді түлек.

JOLTAP жобасы бүгінде жай ғана білім беру алаңы емес, астаналықтардың өз әлеуетін танып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын шығармашылық ортаға айналып келеді.