Астанада Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Тәніңдегі үйлесім мен денсаулық» атты дәріс өтті. Жиын барысында адам ағзасының ішкі және сыртқы үйлесімділігі мен жалпы денсаулық арасындағы байланыс туралы түсіндіру жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жалпы орталық 2024 жылдың наурыз айында ашылғаннан бері зейнет жасындағы тұрғындардың сүйікті орнына айналған. Қазір мұнда 2026 адам тіркеліп, күн сайын 350-400-ге жуық адам белсенді қатысады. Қызмет алушылар үшін оңалту гимнастикасы, скандинавиялық жүріс, йога, би, айкуне, цигун, арт-терапия, шахмат және тоғызқұмалақ секілді пайдалы әрі қызықты бағдарламалар ұсынылады.
Сонымен қатар орталықта түрлі клубтар мен үйірмелер – музыкалық ансамбльдер, тоқыма, домбыра, интеллектуалдар клубы, «Ұлағат» бірлестігі, караоке, ағылшын тілі, модельдер және театр үйірмелері жұмыс істейді.
Аптасына екі рет кино көрсетіліп, психологиялық кеңестер мен тренингтер ұйымдастырылады.
«Орталығымызға келушілердің ең жасы үлкені – 93 жастағы әжеміз. Ал жуырда 90 жасқа толған атамыздың мерейтойын ерекше атап өттік. Мұндай орта үлкендердің өмірге деген қызығушылығын арттырып, белсенді әрі шат көңіл болуына ықпал етеді», – дейді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Нұра ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Мұрат Темірболатов.
Ал зейнеткерлер өздерінің бос уақытын мазмұнды өткізуге, денсаулығын жақсартып, өмірге деген құлшынысын арттыруға бұл орталықтың ерекше үлесі зор екенін атап өтіп, алғыстарын жеткізді.