Енді Астанада «103» нөміріне қоңырау шалып, жедел жәрдем шақырған тұрғындар (бірінші санаттағы шақырту бойынша) көмек көрсетуге шыққан бригаданың бағытын Яндекс Карта қосымшасы арқылы бақылай алады. Бұл туралы Астанада өткен Азаматтық форум барысында Yandex Kazakhstan компаниясының GR директоры Мейірбек Мұқатов мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Оның айтуынша, бұл пилоттық жоба компанияның қызмет көрсететін елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда, оның ішінде Астанада іске қосылған.
«Бұл – компания тарихындағы алғашқы пилоттық жоба. Ол биыл сәуір айында Астанада іске қосылды. Тіпті Мәскеуде де әзірге енгізілмеген.
Астанадан бөлек, жоба Ақтөбе мен Қостанай қалаларында да іске қосыла бастады. Ал өзге өңірлерге енгізу мәселесі технологиялық дайындық деңгейіне байланысты талқыланып жатыр», – деді Мейірбек Мұқатов.
Сарапшының айтуынша, «103» нөміріне хабарласқан адамның телефонына SMS-хабарлама түрінде сілтеме жіберіледі. Сол сілтеме арқылы жедел жәрдем көлігінің бағытын Яндекс Карта арқылы нақты уақыт режимінде көруге болады.