Астаналық қор жетекшісі ҮЕҰ-ның қоғамдағы өзекті проблемаларды шешуі үшін цифрлық технологиялар қалай енгізілетінін айтты

Астаналық қор жетекшісі ҮЕҰ-ның қоғамдағы өзекті проблемаларды шешуі үшін цифрлық технологиялар қалай енгізілетінін айтты

Астанада өткен «Инновациялар мен технологиялар: азаматтық сектордың болашағы» атты XII Азаматтық форумда елорда мен тұрғындардың өміріне цифрлық шешімдерді енгізу және бұл үдерістерге үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қатысу жолдары талқыланды. Esbol Qory қоғамдық қорының төрағасы Жандос Ақтаев форум барысында жастардың қоғамдағы теріс құбылыстарға қарсы белсенділігі мен ҮЕҰ қызметінде инновациялық технологиялардың маңызын атап өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«XII Азаматтық форум азаматтық сектор жұмысына инновациялық және цифрлық технологияларды енгізуге арналған. Біздің Esbol Qory қоғамдық қауіпсіздік, құқықбұзушылықтың алдын алу, тәуелді мінез-құлық және басқа да теріс құбылыстар бағытында осындай шешімдерді енгізіп келеді», — деді ол.

Ақтаевтың айтуынша, қордың ең табысты жобаларының бірі – қылмыс картасының цифрлық нұсқасы. Оны үш адамнан тұратын команда әзірлеп, пилоттық режимде сынақтан өткізген.

«Бір жылдың ішінде бұл карта әкімшілік және қылмыстық сипаттағы 100-ден астам құқықбұзушылықтың алдын алуға көмектесті. Бұл – жақсы нәтиже. Енді осы тәжірибені бүкіл республика бойынша кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – деді қор жетекшісі.

Жоба идеясы алғаш рет хакатонда ұсынылған. Оны 8-9-сынып оқушылары ойлап тапқан, кейін қор сарапшылар мен серіктестердің қатысуымен жетілдірген.

«Жобаның құны 1 миллион теңгеден асқан жоқ. Бұл – жастарға берілген жүлде қоры еді. Қалғанының бәрі таза энтузиазммен жасалды», – деп қосты Ақтаев.

Қор бұл жобаға арнайы сыртқы қаржыландыру алмағанымен, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен басқа бастамаларды жүзеге асырып келеді.

«Кез келген инновацияны енгізу – ұзақ процесс. Қаржылық қолдау болмаса, оны іске асыру қиын. Әсіресе тұрақты дамуы жоқ ҮЕҰ үшін бұл өзекті мәселе. Сондықтан мемлекеттік қолдау мен краудфандингтің дамуы маңызды», – деді ол.

Жандос Ақтаев қоғамдағы теріс құбылыстардың алдын алу үшін қолдануға болатын бірнеше цифрлық шешімді таныстырды. Олардың қатарында:
• құқықбұзушылық туралы хабарламалар мен онлайн-сауалнамаларға арналған краудсорсинг жүйесі;
• геймификацияланған білім беру платформалары;
• проблемалық аймақтардың цифрлық карталары мен дашбордтары;
• Telegram-боттар арқылы кері байланыс жүйесі;
• блогерлер мен ҮЕҰ қатысатын әлеуметтік кампаниялар.

Сонымен қатар ол Mergen жүйесінің арқасында 5 мыңнан астам онлайн-есірткі дүкені бұғатталғанын, ал есірткі қылмысының цифрлық картасы тек Астананың өзінде 200-ден астам құқықбұзушылықты анықтауға көмектескенін айтты.

Фонд сондай-ақ азаматтардың кибергигиенасын арттыру және интернет-алаяқтықтан қорғау бағытында жаңа жобаны қолға алатынын хабарлады.

«Біз цифрлық азаматтық инновацияларды қолдау жүйесін – мини-гранттар, шешім акселераторлары және мемлекеттік әкімшілік-техникалық қолдау арқылы дамытуды ұсынамыз. Барлық құрал қолжетімді, ең бастысы – оларды дұрыс әрі қоғам игілігі үшін пайдалану.

Цифрлық технологиялар мен инновациялар тек ІТ-компаниялар мен мемлекетке ғана емес, ҮЕҰ-ға да тиімді болуы керек», – деп түйіндеді Жандос Ақтаев.