Әділет департаменті: цифрландыру атқарушылық өндірістің ашықтығын арттырды

Әділет департаменті: цифрландыру атқарушылық өндірістің ашықтығын арттырды

Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында Әділет департаментінің басшының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкілетті Бақытжан Бейсеннің қатысуымен «Цифрландыру атқарушылық өндіріс саласында: тиімділік пен ашықтықты арттырудың заманауи құралдары» тақырыбында брифинг өтті.

Іс-шара барысында ведомство өкілдері атқарушылық өндіріс саласындағы жұмыс қорытындыларын баяндап, сот актілерін орындау жүйесіне енгізіліп жатқан жаңа цифрлық шешімдерді таныстырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласының Әділет департаменті атқарушылық құжаттарды орындау саласында мемлекеттік саясатты іске асыру, сот орындаушылары қызметінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету және сот актілерін мәжбүрлеп орындалу сапасын арттыру бағытында жоспарлы әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2025 жылға арналған даму жоспарын іске асыру шеңберінде сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімі негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша белсенді жұмыс атқарды.

Биыл 95 жоспарлы және 318 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 254 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, төртеуіне лицензиядан айыру туралы материалдар дайындалды, тағы бір сот орындаушысының қызметін тоқтату туралы талап арыз қаралуда.

Қабылданған шаралар құқық бұзушылықтарды азайтып, сот орындаушылары жұмысының жауапкершілігі мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік берді.

Департамент бақылаумен қатар, атқарушылық істердің орындалу тиімділігін бақылауда ұстайды. Ерекше назар алимент өндіру, жалақы өндіру істері бойынша нәтижелілікті арттыруға және орындалмай қайтарылған өндірістердің үлесін азайту мәселелеріне аударылуда.

Кешенді шаралардың нәтижесінде азаматтар мен заңды тұлғалардың шағымдары 9,6 пайызға азайған. Бұл жұмыстың сапасы жақсарғанын және қоғамның атқарушылық жүйеге деген сенімі артқанын көрсетеді.

Қазіргі таңда елордадағы жеке сот орындаушыларының өндірісінде 25 295 алименттік төлемдерді өндіріп алу ісі бар.

Оның ішінде 3 057 іс аяқталып, 452 іс нақты орындалды. Алимент өндірудің тиімділігін арттыру мақсатында прокуратура, полиция және Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп «Борышкер» рейдтік шаралары өткізіледі. Рейд нәтижесінде 75 автокөлік ұсталып, оның 27-сі алимент төлемеген борышкерлерге тиесілі болған.

Жалпы берешек сомасы – 52 млн теңге.
Сонымен қатар қоғамда жауапкершілікті арттыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Әке, алимент төле!» акциясы және «Еңбек мобильдігі орталығымен» КММ бірлесіп «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» ұйымдастырылған. Нәтижесінде 136 борышкер жұмысқа орналастырылды.

Қабылданған шаралардың арқасында проблемалық алименттік өндірістер саны 2 мыңға дейін азайып, жалпы сомасы 3,8 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға төмен.

Әділет департаментінің негізгі басым бағыттарының бірі – атқарушылық өндірісті цифрландыру. Бұл шара тиімділікті, ашықтықты және рәсімдердің қолжетімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі №872 Жарлығына («Мемлекеттік аппарат қызметін дебюрократияландыру шаралары туралы» сәйкес), Әділет министрлігі атқарушылық өндіріс процесін жеңілдету және қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту мақсатында цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп келеді.

Цифрлық трансформацияның өзегі – Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (ААЖ ОИП). Бұл жүйе мемлекеттік деректер базаларымен және екінші деңгейлі банктермен интеграцияланған. Осының арқасында сот орындаушылары мәжбүрлеу шараларын жедел қолдануға және нақты уақыт режимінде өзекті ақпарат алуға мүмкіндік алады.

Жаңадан енгізілген сервистердің ішінде E-Өтініш мобильді қосымшасы мен «Тараптар кабинеті» онлайн-платформасы ерекше орын алады. Бұл құралдар арқылы азаматтар өтініштерді қашықтан жолдап, өндіріс барысын бақылай алады және сот орындаушыларымен жедел байланыс орната алады.

Цифрлық тетіктердің арқасында өтініштерді қарау мерзімі 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқарды. Бұл өз кезегінде атқарушылық органдардың ашықтығы мен тиімділігін арттырды.

Осылайша, атқарушылық өндірісті цифрландыру – әділет жүйесіне деген сенімді күшейтетін және тиімділікті арттыратын маңызды факторға айналды. Қабылданып жатқан шаралар «Мақсат – нақты орындауға басымдық беру» қағидатын бекітіп, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға және ашық, жауапты құқықтық орта қалыптастыруға ықпал етіп жатыр.