Астаналық UBES мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрхат Әбді небәрі бір ай ішінде жол таңдамайтын үш дөңгелекті электронды велосипед жасап шығарды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұрхат ойлап шығарған велосипед жылдың төрт мезгілінде де кез келген жолда еркін жүре алады. Үш дөңгелекті дизайн тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл велосипедтің ерекшелігі – электронды жүйемен жұмыс істеуі және бір қуаттаумен 17 шақырымға дейін жүре алуы. Максималды жылдамдығы – сағатына 33 шақырым.
Өнертапқыш оқушының айтуынша, бұл құрылғыны күнделікті өзі де қолданып жүр.
Сонымен қатар, Нұрхат мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де бұл көлік өте қолайлы болатынын атап өтті. Себебі үш дөңгелекті құрылым тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді, ал электронды қозғалтқыш жүруді жеңілдетеді.
Нұрхат бала күнінен техника мен электроникаға қызығушылық танытып келеді. Бұл жоба оның ғылым мен техникаға деген сүйіспеншілігінің нәтижесі.
Мектеп ұстаздары мен сыныптастары Нұрхаттың бұл бастамасын мақтан тұтады және оның өнертабысы болашақта өндірістік деңгейге шығарылуы мүмкін деп сенеді.