«Инновациялар мен технологиялар: Астана азаматтық сектордың болашағы»: елордада арнайы форум өтіп жатыр

«Инновациялар мен технологиялар: Астана азаматтық сектордың болашағы»: елордада арнайы форум өтіп жатыр

Елордада «Инновациялар мен технологиялар: Астана азаматтық сектордың болашағы» тақырыбында ХІІ Азаматтық форум өтіп жатыр, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Форумға ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, Қазақстан Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева және Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, ашық та шынайы диалог – еліміздің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі. Биыл еліміз үшін ерекше мәні бар маңызды мерекелер Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығын атап өтеміз. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіту, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосу жолында азаматтық сектордың рөлі айрықша. Қала өмірін жақсартуға жан-жақты үлес қосып жүрген мыңдаған белсенді азаматтың еңбегі – еліміздің жарқын болашағына бағытталған ортақ күшіміздің айқын көрінісі», – деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.

Сонымен қатар ол бүгінде Астанада 3 мыңнан аса үкіметтік емес ұйым тіркелгенін, соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік аясында шамамен 100 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, екі мыңнан аса қоғамдық маңызды іс-шара өткізілгенін атап өтті.

«Бұл іс-шараларға елорданың екі жүз мыңнан аса тұрғыны қатысты. Бұл жобалар – жай ғана сандар мен есептер емес.

Олардың артында қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстары жатыр, бұл қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау, жастарды белсенділікке тарту және азаматтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Осы бағыттардың ішінде жастар саясаты ерекше орын алады.

Бүгінде Астана – жастар үшін шексіз мүмкіндіктер қаласы.

Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Joltap» жобасы жастарды цифрлық және еңбекке қатысты кәсіби дағдыларға үйретсе, «Замандас» жобасы жастарға тәлімгерлер мен психологтардың қолдауын ұсынады», – деді Нұрдәулет Әлмұханов.

Сондай-ақ басқарма басшысы елордада 10 аула клубы жұмыс істейтінін, ал «Жасыл Ел» бағдарламасы экологиялық акцияларға қатысқан 5 мыңнан аса жастың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз еткенін айтты.

«Экология мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Қоғамдық ұйымдар мен еріктілердің қатысуымен қалада кең көлемді көгалдандыру және абаттандыру акциялары жүргізілуде. Сонымен қатар «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Еңбек адамы» секілді идеологиялық бағыттардың насихатталуына да басымдық беріледі. Бұл бағыттар өскелең ұрпақта жауапкершілік сезімін, еңбекке құрметті және қоршаған ортаны ұқыпты сақтау мәдениетін қалыптастырады», – деді ол.

Спикердің сөзінше, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуда Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің рөлі ерекше. Қоғамдық кеңес бастамаларды талқылау, ұсыныстар әзірлеу және қоғамдық маңызы бар шешімдерді ілгерілету үшін ашық алаң болып саналады.

«Бүгінде азаматтық сектор ел дамуының маңызды серіктесіне айналды. Сіздердің белсенділіктеріңіздің арқасында Астана заманауи мүмкіндіктері мол, сонымен қатар жылулық пен мейірім сезілетін қала болып қалыптасуда. Ең бастысы – сенім мен ашықтықты сақтап, барлығымызды біріктіретін ортақ мақсатта қоғам игілігі үшін жұмыс істеу. Баршаңызға белсенді еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін», - деді Нұрдәулет Әлмұханов.