Елордада азаматтарға медициналық қызметтерді қашықтан көрсету және олардың денсаулығын бақылау мақсатында жасанды интеллектті (ЖИ) қолданатын отандық цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр.
Бұл туралы денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мәселелері бойынша өткен жұмыс кеңесінде Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Басқарма басшысының айтуынша, елордалық денсаулық сақтау жүйесінде жасанды интеллекттің көмегімен:
• глаукома, көз меланомасы, гипертония және жасқа байланысты макулярлық дегенерация сияқты ауруларды қашықтан диагностикалау қызметтері көрсетіледі;
• қант диабеті, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және гипертония сияқты әлеуметтік маңызы бар үш ауру бойынша науқастардың негізгі денсаулық көрсеткіштері қадағаланады;
• көз ауруларын диагностайтын жасанды интеллектке негізделген бағдарламалық жасақтама қолданылады;
• телемедициналық кешенді қамтитын науқастардың денсаулығын мониторингілеу және диагностикалау жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, «Astana Smart City Accelerator» акселерациялық бағдарламасы аясында 5 пилоттық жоба іске асырылған.
«Бүгінгі таңда елордалық денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект негізінде бірнеше шешім енгізілді. Солардың бірі – радиологиялық зерттеулердің цифрлық мұрағаты PACS (VIDISOFT) жүйесі. Бұл жүйеде 4 миллионнан астам зерттеу интеграцияланған, нәтижесінде диагноз қою мерзімі 30 күннен 3 күнге дейін қысқарып, кескіндерді тану дәлдігінің артуы есебінен медициналық көмектің сапасы жақсарды.
Онкологиялық аурулармен күрес аясында жасанды интеллектті пайдалана отырып, радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді Әлия Рүстемова.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы өз Жолдауында жасанды интеллект ел дамуының негізгі факторы екенін атап өтті.
Ол экономика мен мемлекеттік басқарудан бастап, білім беру және ғылым салаларына дейін барлық бағытқа енгізілуі тиіс екенін айтты.