Астанада ТМККК аясында тұрғындар скринингтен тегін өте алады

Астанада ТМККК аясында тұрғындар скринингтен тегін өте алады

Созылмалы және онкологиялық аурулар әлем бойынша өлім-жітімнің басты себептерінің бірі саналады.

Алайда дер кезінде жүргізілген диагностика мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Астана қаласы бойынша филиалының директоры Гүлжан Шайхыбекованың айтуынша, елімізде тегін скринингтік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламалар созылмалы және қатерлі ауруларды ерте анықтауға бағытталған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Скрининг – бұл алдын алу тексерісі. Ол аурудың алғашқы белгілері білінбей тұрып-ақ дертті анықтауға мүмкіндік береді. Адам өзін сау сезінгеннің өзінде мұндай тексерулер қауіпті ауруларды ерте кезеңде табуға және дер кезінде емдеуді бастауға көмектеседі», – деді спикер.

Тегін мемлекеттік медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында астаналықтар мынадай скринингтерден өте алады:
• Артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома және басқа да қауіп факторлары бойынша – 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерге;
• Сүт безі қатерлі ісігіне – 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдерге (маммография екі жылда бір рет);
• Жатыр мойны обырына – 30 бен 74 жас аралығындағы әйелдерге (цитологиялық тест төрт жылда бір рет);
• Тоқ ішек қатерлі ісігіне – 50 мен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерге (жасырын қанға талдау екі жылда бір рет).

Тексеру нәтижелері электронды денсаулық паспортына енгізіледі. Қажет болған жағдайда пациент бейінді мамандарға немесе қосымша зерттеулерге жіберіледі.

Жыл сайын елордада 330 мыңнан астам тұрғын профилактикалық тексеруден және скринингтен өтеді. Соның арқасында көптеген ауру ерте анықталып, сәтті емделіп жүр.

2025 жылдың тамызынан бастап онкоскринингтер ТМККК пакеті құрамына енгізілді, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінен алынып тасталды.

«Енді скрининг сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматқа қолжетімді.

Бұл – әлеуметтік әділдік пен медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деді Гүлжан Шайхыбекова.

Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлеріне жылына үш күнге дейін ақы төленетін демалыс беруге міндетті. Бұл – өз денсаулығына көңіл бөлуге берілген нақты мүмкіндік.