Әлемдік гастрономия жұлдыздары, байқаулар мен шеберлік сабақтары: Астанада AstauFest гастрофестивалі аяқталды

Әлемдік гастрономия жұлдыздары, байқаулар мен шеберлік сабақтары: Астанада AstauFest гастрофестивалі аяқталды

Астанада VI Халықаралық гастрономиялық фестиваль AstauFest өз мәресіне жетті. Биыл ол әлемнің 40-тан астам оқу орнынан келген студенттерді қоса алғанда, 300-ден астам қатысушының басын қосты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Үш күнге созылған Астанадағы гастрофестивальге шетелден келген атақты аспаздар мен салаға енді қадам басқан студенттер жиналды.

Биылғы AstauFest Еңбекші мамандықтар жылы аясында өтті.

«Біздің ең басты мақсатымыз – халықаралық қауымдастықпен үйлесім табу, үздік тәжірибелерді қолдану. Фестивальді өткізудегі маңызды міндеттердің бірі – шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу. Әрине, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және жастар арасында оны кеңінен насихаттау да басты назарда. AstauFest-тің тағы бір маңызды мақсаты – бизнес қауымдастық пен колледждердің ынтымақтастығын күшейту», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Talap КЕАҚ президенті Санжар Тәттібеков.

Гастрономиялық фестиваль Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің базасында, сондай-ақ гастрономия мен аспаздық әлемімен байланысты елорданың тағы үш алаңында өтті.

Дәстүр бойынша фестивальде 15 номинация бойынша байқау ұйымдастырылды. Олардың қатарында «Жылдың бас аспазы», «Жылдың кондитері», «Гастрономиялық стартап» және басқалары бар. Қатысушылардың жұмысын әртүрлі елдерден келген шеберлер енген халықаралық қазылар алқасы бағалады. Оның ішінде Францияның екі «Мишлен» жұлдызына ие аспазы Жан Ашнер де болды.

«Мен үшін бұл өте-өте қызық. Өзімді байқауда емес, бір мишлендік мейрамханада жүргендей сезіндім. Балалар өте жарады, жақсы еңбек етті, ал біз үшін осы байқаудың бір мүшесі болу қуанышты жағдай. Колледж студенттеріне осы деңгейден түспей, күн сайын жаңа биіктерге көтеріле беруді тілеймін», – деді Жан Ашнер аспаздық сайыс кезінде.

Форум аясында Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі базасында жұмыс істейтін кондитерлік академияның таныстырылымы өтті.

Сондай-ақ фестиваль алаңында гастрономия саласының сарапшыларынан шеберлік сабақтары мен тренингтер ұйымдастырылды, іскерлік кездесулер өтіп, жаңа таныстар табуға мүмкіндік жасалды.

Айта кетейік, AstauFest гастрофестивалі алғаш рет 2019 жылдың күзінде Астанада өткен болатын.