Астанадағы Байқоңыр ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлер клубы қарттар күніне орай қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған мәдени кеш ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Байқоңыр ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 2024 жылдан бері «Ұрпаққа аманат – зияткерлік даму» клубы жұмыс істейді.
Зияткерлік клуб мүшелері қызығушылығына қарай апта сайын жиналып, әдеби, мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Бүгінде зияткерлер клубына 20-ға жуық әдебиет пен өнер сүйер зейнеткерлер жиналады.
Аталған клуб жұмысына қазақ тілі үйірмесінің жетекшісі, ардагер ұстаз, тіл жанашыры Маржан Бектұрсынқызы жетекшілік етеді.
Қарттар күніне орай клуб мүшелері мектеп оқушыларымен бірлесе отырып, қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған «Жарығы мол Шығыс жұлдызы» атты мәдени-ақпараттық тарихи мәні бар іс-шара өткізді.
Іс-шараға Байқоңыр ауданы Ардагерлер кеңесінің өкілдері, Уәлиханов көшесінің тұрғындары мен көше ардагерлері, осы көшенің жас жұбайлары мен өскелең ұрпақ өкілдері қатысты.
«Қарттар айлығы аясында барша зейнеткердің бақыт мекеніне айналған ару Астананың Шоқан Уәлиханов атымен аталатын көше бойында қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай жиналдық. Біздің Орталықта жиналуымыз кездейсоқтық емес, өйткені Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Байқоңыр ауданы бойынша филиалы Абай мен Уәлиханов көшелерінің қиылысында орналасқан. Осы шараға белсене атсалып, ғалымның өмір жолы туралы деректер жинаған Қалима Дүйсенбиева, Рымтай Шаймұханова, Балта Аубакиров, Тоқтар Мақажанов, Маржан Хасенова сынды зейнеткерлеріміздің еңбегін ерекше атап өткім келеді», – деп сөзін түйіндеді зияткерлік клуб жетекшісі Маржан Пірімбетова.
Кеш барысында қатысушылар Шоқан Уәлихановтың өнегелі өмір жолын баяндап, ғалым сүйіп тыңдайтын әндерді орындады.