Отбасылық құндылықтар және табиғатқа деген қамқорлық: елордалық саябақта ондаған қарағай көшеті отырғызылды

Отбасылық құндылықтар және табиғатқа деген қамқорлық: елордалық саябақта ондаған қарағай көшеті отырғызылды

Астанада «Берекелі әрі бақытты отбасы – қуатты елдің тірегі» жобасы мен «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын қолдау мақсатында орталық саябақта ондаған қарағай көшеті отырғызылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Акцияға 50-ден астам адам қатысып, Астананың климаттық жағдайына төзімді 15 жылдық 40 қарағай отырғызды. Шараға қала әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, Нұра ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен Астана іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері қатысты.

«Экологиялық бастама Отбасы күніне орай ұйымдастырылды. Бүгінде елордада бұл мереке әлеуметтік маңызы бар жобалар арқылы жиі аталып өтеді. Нұра ауданындағы акция – «Таза Қазақстан» атты кең ауқымды күзгі кампанияның бір бөлігі. Ағаш отырғызу – тек экологияға қосқан үлес емес, сонымен қатар жас ұрпаққа құндылықтарды дәріптеу», – деді Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мағжан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар әлі де жалғасады.

«Жасыл желектер қаланың микроклиматын жақсартуда, шаң мен шуды азайтуда маңызды рөл атқарады әрі демалыс пен серуендеуге қолайлы орта қалыптастырады. Алдағы уақытта ауданның «жасыл нүктелерін» кеңейтіп, тұрғындарды, еріктілерді және оқушыларды ағаш отырғызу мен оны күтіп-баптауға белсенді тарту көзделген. Биыл күзгі маусымда Нұра ауданында шамамен 4500 ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл – жайлы әрі экологиялық тұрақты қала ортасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.

Сонымен қатар Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспекторы, хатшысы Қарлығаш Саркенова мұндай шаралар тек көгалдандыруға емес, сонымен бірге отбасылардың басын қосып, ортақ еңбекке ерекше мән беретінін атап өтті.

«Әрбір отырғызылған ағаш – қаланың жасыл сәні ғана емес, ортақ еңбегіміздің шынайы куәсі. Әр ағаш бізге Отанға деген сүйіспеншілік кішкентай істен басталатынын – балаларымыз өсіп келе жатқан жерді аялаудан басталатынын еске салып тұр. Нұра ауданында Отбасы күніне орай өткен бұл шара экологиялық акциядан да кең ауқымды мағынаға ие болды – ол бірлік пен қамқорлықтың, ұрпақтар сабақтастығының мерекесіне айналды», – деді ол.

#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan