Елордада VI Халықаралық гастрономиялық фестиваль «Astaufest-2025» өз жұмысын бастады. Биылғы шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтіп, түрлі елдерден келген үздік аспазшылардың, кондитерлердің, бармендердің және салалық оқу орындары студенттерінің басын қосты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Гастрофестиваль 2 қазанға дейін жалғасады.
Ашылу рәсімі барысында елордалық Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі базасында құрылған Кондитерлік академия таныстырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Astaufest – тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті арттыруға және әлемдік трендтермен танысуға мүмкіндік беретін бірегей алаң.
Биылғы фестивальге жақын және алыс шетелдің 45 оқу орнынан 300-ден астам студент, оқытушылар және шеберлер қатысып жатыр.
Олардың жұмысын Франция, Үндістан, Түркия, Швейцария, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Гонконг және Қазақстан елдерінен келген 13 халықаралық сарапшыдан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Бағдарлама аясында түрлі байқаулар мен жарыстар, әлемдік мамандардың шеберлік сыныптары, тренингтер, сондай-ақ кәсіби қарым-қатынасқа арналған іскерлік кездесулер өтеді.