«Заң және тәртіп» қағидаты аясында елордада есірткі қылмысына қарсы айлық жалғасуда. Осыған орай №12 көпшілік кітапханада есірткінің алдын алу мен қауіпті заттардың денсаулық пен әлеуметтік ортаға теріс әсеріне арналған ашық дәріс өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға студенттер, жастар және елордалық кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
Жиналғандарға негізгі баяндаманы Медициналық университеттің психиатрия және наркология кафедрасының ассистенті, Медико-әлеуметтік оңалту орталығының нарколог-дәрігері Тоқтар Қойшыбеков жасады. Ол есірткіге тәуелділіктің алдын алу мен емдеудің заманауи тәсілдері, психобелсенді заттарды қолданудың әлеуметтік және медициналық салдары, сондай-ақ жастардың денсаулығын қорғауда отбасының, білім беру мекемелерінің және қоғамның рөлі туралы айтты.
«Бүгінгі кездесу біздің кітапханада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өтіп жатыр және есірткінің алдын алуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Студенттер мен жастардың мұндай дәрістерге белсенді қатысатыны қуантады. Бұл олардың заңдылық пен қоғамдық тәртіпті нығайтуға қызығушылығын дәлелдейді», – деді Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева.
Оның айтуынша, кітапханалардың бұл бағыттағы жұмысы жүйелі сипатқа ие.
«Жылдық жоспарды құру кезінде біз есірткінің алдын алу тақырыбын жеке бөлім ретінде енгіземіз. Жүйеге қарасты 25 кітапханада көрмелер ұйымдастырып, кездесулер өткіземіз, пайдалы әдебиеттер ұсынамыз. Бұл әсіресе жастарға денсаулықты, спортты және белсенді өмір салтын таңдауға көмектеседі», – деп толықтырды ол.
Еске сала кетсек, Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы айлық жалғасып жатыр.
Құқық қорғаушылар бірлескен рейдтер, оқу орындарында профилактикалық кездесулер, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жою жұмысын жүргізіп жатыр.
Мұндай іс-шаралар халықтың хабардарлығын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ есірткі қылмысы мен қоғамдық қауіпсіздікке төнетін басқа да қатерлерге қарсы бірлескен күресті күшейтуге маңызды үлес қосады.
