Астана қаласында «Жастар» театры Жұмысшы мамандықтар жылы аясында көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің әйгілі «Жолы болғыш жігіт» пьесасын жаңа қырынан сахналады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Туындының жазылғанына жарты ғасыр өтсе де, көтерген мәселелері – бюрократия, жаңашылдықты қабылдамау, еркін ойлы жастардың шетелге кетуі бүгін де өзекті.
Қойылымның қоюшы режиссері, Мәдениет саласының үздігі Нұрфат Уахитов пьесаның түпнұсқа тілін сақтай отырып, қазіргі заманға лайық өзгерістер енгізгенін айтты. Спектакльде ел ішінде «Асау Бөкен» атанған жалынды жас Танаш Ысқақов ауылды өркендету үшін жаңа бастама көтергенімен, жоғарыдағы шенеуніктердің қарсылығына тап болады. Бұл арқылы режиссер бүгінгі жастардың идеялары қолдау таппай, шетел асуға мәжбүр болып отырғанын жеткізгісі келген.
Пьесаның жаңа қойылымы Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» идеясымен үндесіп, «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына сай сахналанды.