Елордадағы «Жерұйық» саябағында Қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті

Елордадағы «Жерұйық» саябағында Қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті

Қарттар күні қарсаңында елорданың «Жерұйық» саябағында Алматы ауданы әкімдігінің аппараты, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы және Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Мерекеге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін таңғы сергіту жаттығуы өтті. Қатысушылар сондай-ақ медициналық мамандардың қабылдауынан өтіп, негізгі денсаулық көрсеткіштерін – бойды, салмақты, артериялық қысымды, қандағы қант деңгейін тексеріп, жақсы көңіл-күйді сақтау жөнінде пайдалы кеңестер алды.

«Бүгін біз бәріміз «Ұзақ ғұмыр – салауатты өмір» атты таңғы жаттығуды бірге өткізуге жиналдық. Бұл ауқымды іс-шара Алматы ауданы әкімдігі мен Алматы ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қолдауымен өтуде. Бұл флешмобты біз Халықаралық қарттар күні қарсаңында өткізіп отырмыз.

Бұған дейін де бірнеше қызықты, есте қаларлық іс-шаралар өтті. Мысалы, аудан ардагерлерінің серуені және Есіл өзенінде теплоходпен саяхат. Ардагерлер Қ.Рысқұлбеков көшесіндегі сквердің ашылуына қатысты, онда «Елорда» халық хоры өнер көрсетті. Сондай-ақ, Қ.Сәтбаев көшесінде көшет отырғызу бойынша өткен қалалық сенбілікке белсенді қатысқан барлық ардагерге алғыс білдіремін. Бәріңізді алдағы Қарттар күні мерекесімен құттықтаймын және мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!» – деді Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мустафин.

Мереке шығармашылық ұжымдар мен елордалық филармония әртістерінің концертімен жалғасты.

Марат Мустафиннің айтуынша, «Қарттар күні» айлығы аясында Алматы ауданында ардагерлердің қатысуымен бірқатар іс-шара жоспарланған.

Мәселен, Қосшы қаласындағы мәдени-спорт кешенінде «Елорда» халық хорының концерті өтеді. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында шахмат турнирі өткізіліп, ардагерлер үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне бару ұйымдастырылады және тағы басқа іс-шаралар жүзеге асырылады.