Астананың Сарайшық ауданында Президент жариялаған 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар адамдары жылы аясында «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Т.Жүргенов көшесі, 27/1 үйінің жанынан бой көтерген жаңа саябақ қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орны ғана емес, ел дамуына жұмысшы мамандықтарының қосқан үлесін айқындайтын нышандық кеңістікке айналды.
Жаңарған аумақта балалар алаңдары, спорттық құрал-жабдықтар, көлеңкелі бастырмалар мен арт-дуалдар орнатылды.
Ашылу рәсімі аясында 300 түп ағаш отырғызылып, арнайы техника көрмесі, тақырыптық фотокөрме және «Еңбек жолы» байқауы жеңімпаздарын марапаттау өтті. Сондай-ақ суретшілер жұмысшы мамандық иелерінің портреттерін көпшілік алдында салып, мерекелік концертпен шара аяқталды.
Айта кетейік, биыл елордада 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістіктерді – саябақтар, скверлер мен бульварларды абаттандыру көзделген. Жұмыс барлық аудандарды, соның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Сонымен қатар Астанада көгалдандыру белсенді жүргізіліп жатыр: 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған.