Қазақстан хоккей федерациясы 2024-2025 маусымының қорытындысын шығарып, Астанада үздіктерді марапаттау рәсімін өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Маусым қорытындысы бойынша Астана әкімдігіне қарасты №10 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған шайбалы хоккей спорт мектебі «Қазақстан Республикасындағы үздік хоккей мектебі» атағын иеленді.
Марапаттау рәсіміне Қазақстан хоккей федерациясының өкілдері Сергей Радюк пен Ринат Нұрахметов, сондай-ақ мектеп директоры Диас Маржікпаев қатысты.
Федерация елордалық мектептің жетістіктерін атап өтіп, бапкерлерге, спортшыларға және ата-аналарға адалдығы, командалық рухы мен қазақстандық хоккейдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Бұл жоғары марапат – біз үшін үлкен мәртебе. Ол жас хоккейшілерді тәрбиелеу, жүйелі жұмыс жүргізу және команданың республикалық деңгейдегі жетістіктерінің мойындалуы болып табылады», – деді мектеп директоры Диас Маржікпаев.
Айта кетейік, өткен маусымда елордалық команда Республикалық Jastar Hokei Lygasy-да сенсациялық түрде чемпион атанған болатын.