Елордада тұрғындарды маусымдық тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Қала тұрғындарын иммундау үшін 145 мың доза вакцина сатып алынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
15 қыркүйектен бастап Үкімет қаулысына сәйкес эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жұқтыру қаупі жоғары топтарға тұмауға қарсы екпе жүргізілуде. Жыл сайынғы вакцинация жүкті әйелдерге, 6 айдан 5 жасқа дейінгі балаларға, 65 жастан асқан азаматтарға, созылмалы аурулары бар адамдарға және медицина қызметкерлеріне ұсынылады.
Екпе жұмысы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының барлығында жүргізіледі.
Маусымдық тұмау инфекциясы тез әрі оңай таралады, әсіресе адамдар көп жиналатын орындарда. Жөтелгенде немесе түшкіргенде вирус бар ұсақ тамшылар ауаға тарап, айналадағы адамдарға жұғуы мүмкін.
Тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация.
Сонымен қатар эпидемиологтар қол гигиенасын сақтауға, маска қолдануға және науқастармен тікелей байланыстан аулақ болуға кеңес береді.