Жаңа жылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай өзгереді – елордадағы ӘМСҚ филиалында түсіндірілді

Жаңа жылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай өзгереді – елордадағы ӘМСҚ филиалында түсіндірілді

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы заңнамадағы өзгерістерді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қалалық филиалының қызметкерлері «Атамекен» ҰКП елорда филиалының ұжымымен өткен кездесуде түсіндіріп берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Айта кетейік, Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамаға енгізілген түзетулер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қалалық филиалы бөлімінің басшысы Шынар Сатылханқызының айтуынша, енді соңғы бес жыл бойы тұрақты түрде жарна төлеп келген азаматтар уақытша төлем жасалмаған жағдайда да алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады.

«Бұған дейін бұл мерзім үш айды құрайтын. Бұл – әділ әрі адам жағдайына бағытталған шешім, ол өмірлік қиын жағдайларда да медициналық көмекке қолжетімділікті сақтауға мүмкіндік береді.

Негізгі жаңалықтардың қатарында – онкологиялық скринингті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) енгізу бар. Енді бұл қызмет барлық азаматтарға, олардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін көрсетіледі. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар сегіз ауру бойынша – туберкулез, ВИЧ, созылмалы вирустық гепатиттер, бауыр циррозы, онкологиялық аурулар, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, сирек (орфандық) аурулар, жіті миокард инфаркті мен инсульт – консультациялар мен диагностика да тегін болады», – деп атап өтті ол.

2026 жылдан бастап медициналық қызметтердің базалық пакеті амбулаториялық диализбен, 12 топқа кіретін созылмалы аурулар бойынша динамикалық бақылау және кеңес берумен толығады. Оның ішінде бауыр, қалқанша безінің аурулары, жүрек ақаулары және басқа да дерттер бар.

Сондай-ақ амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек те осы пакетке енгізілмек.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдерімен өткен кездесуде қатысушылар медициналық қызметтердің сапасы, қолжетімділігі, мамандарға жазылу мерзімі және кадр тапшылығы сияқты өзекті мәселелерді талқылады.

Қор өкілдері медициналық ұйымдарда пациенттерді қолдау қызметтері жұмыс істейтінін еске салды. Азаматтар бұл қызметтерге шағым қалдырып немесе медициналық көмекке қатысты сұрақтар бойынша жүгіне алады.