Астанада Мемлекеттік архивтің 30 жылдығына арналған «ASTANA ARCHIVE FEST-2025» халықаралық форумы өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген архив мамандары мен тарихшылардан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Татарстан елдерінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Форум аясында «Төрдегі төл тарих» атты фотоқұжаттық көрме, архив жинақтарының таныстырылымы және «Архив: Жаңа дәуір. Жаңа мүмкіндіктер» атты ашық диалог алаңы ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – архив саласындағы заманауи тәжірибе алмасу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және цифрландырудағы жаңа үрдістерді талқылау.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен архивтің ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, архив – тек өткеннің ғана емес, болашақтың да кепілі.
«Архив – бұл елдің тарихи жады, өткенін сақтап, болашағына жол сілтейтін құндылық. Ол тарихи деректерді сақтап қана қоймай, қоғам дамуына үлес қосатын маңызды институт», – деді ол.
Бүгінде елордалық архив қорында 1915 жылдан бері жинақталған тарихи мұралар сақталады. Қордың жалпы саны – 773, сақтау бірліктері – 411 255. Құжаттар қазақ (араб, латын, кирилл жазуымен), орыс, неміс және татар тілдерінде кездеседі. Сондай-ақ архивте 112 жеке тектік қор бар. Мұнда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, спортшылардың, журналистер мен жазушылардың және елорданың дамуына үлес қосқан тұлғалардың мұралары сақталған.
Форумда жасанды интеллектті архив ісіне енгізу, құжаттарды цифрландыру, электронды жүйелердің тиімділігі мен шектеулері сияқты мәселелер талқыланды. Сарапшылардың айтуынша, архив саласы тек тарихи құндылықтарды сақтаумен шектелмей, жаңа технологияларды қолдану арқылы болашаққа бағыт алу керек.
«Жасанды интеллект дәуірінде архив ісін дамыту – заман талабы. Ол құжаттарды іздеуді жеңілдетіп, сақтау сапасын арттырады. Дегенмен қауіпсіздік мәселесі де басты назарда болуы тиіс», – деді форумға қатысқан мамандардың бірі.
Халықаралық жиын архив саласын жаңа деңгейге көтеріп, кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға серпін берді.
Қатысушылардың пікірінше, мұндай басқосулар архив ісінің болашағын айқындауда шешуші рөл атқарады.