Елордада прокуратура мен қалалық полиция департаментінің үйлестіруімен нашақорлыққа қарсы профилактикалық айлық жалғасып жатыр. Осы шара аясында Сұлтанбек Қожанов атындағы №64 мектеп-лицейінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері, психологтар және педагогтердің қатысуымен балалар қауіпсіздігіне арналған сабақ өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – балалардың жеке қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ қоршаған ортаға деген әлеуметтік жауапкершілікті арттыру.
«Бұл іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Біз балаларға дұрыс қарым-қатынас жасауды, достасуды, бір-бірімен тіл табысуды үйретеміз. Негізгі тақырыптардың бірі – оқу орындарындағы буллингке қарсы күрес. Мұнда балаларға ғана емес, ата-аналарға да түсіндіру маңызды», – деді Астана ПД ювеналды полициясының аға инспекторы Ақдидар Шәрімбекова.
Өткен жылы бес мектепте буллингтің алдын алуға бағытталған финдік «KiVa» бағдарламасы енгізілген болатын.
«Нәтижесінде шағымдар саны айтарлықтай азайды. Жекелеген жағдайлар болса да, олар бір реттік сипатта болды. Балалар бір-біріне мейірімді бола бастады. Қазір осы тәжірибені ескере отырып, біз өзіміздің ұлттық «ДосболLike» бағдарламасын әзірледік. Ол барлық қалалық мектепте қолданылады.
Негізгі міндеті – білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру және ең алдымен кез келген буллинг, зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністеріне тосқауыл қою», – деп мәлімдеді Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлiм Мұхамеджанқызы.
Елордада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Мектептерде құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған дәрістер оқылып, іс-шараларға прокуратура, полиция департаменті және психологиялық қолдау орталығының өкілдері қатысады.
Мұндай кездесулерде оқушыларға тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, қауіпсіздік, буллинг және құқықбұзушылыққа қатысты нақты оқиғалар мысалға келтіріледі.
Айта кетейік, елордада жүзеге асырылып жатқан нашақорлыққа қарсы айлық сияқты шаралар халықтың хабардарлығын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға және есірткі бизнесінің, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікке төнетін өзге де қатерлердің алдын алуға үлкен үлес қосады.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы кешенді шараларға бірлескен рейдтер, оқу орындарындағы профилактикалық әңгімелер және тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтап, жою жұмыстары кіреді.
#законипорядок #заңжәнетәртіп